Кеше «Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының кезекті ХХVII есеп-беру сайлау конференциясы өтті.
Филиалдың баспасөз қызметі мәлімдегендей, іс-шарада партияның облыстық филиалының және Бақылау-тексеру комиссиясының 2019-2020 жылдары атқарған жұмыстары мен алдағы кезеңге арналған міндеттері айтылды. Конференция жұмысын ашқан облыстық филиал төрағасы, облыс әкімі Ғали Есқалиев бұған дейін жоғары ұйымдастырушылық-саяси деңгейде 241 бастауыш партия ұйымында есеп беру-сайлау жиналыстары мен 13 аумақтық филиалда конференция өткізілгенін атап өтті.
– Жаңадан сайланған бастауыш партия ұйымдары төрағаларының ішінде әйелдердің үлесі 33%-ды, ал 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі 26%-ды құрайды. Төрағалардың құрамы өткен жылмен салыстырғанда 15%-ға жаңартылды. Олардың 6,2%-ы әр деңгейдегі мәслихат депутаттары болса, 6%-ы партиялық резервте тұр. Конференцияларда филиалдардың саяси кеңестеріне – 242, саяси кеңестерінің бюроларына 100 адам сайланды. Әйелдер саны 6,2%-ға, жастар саны 2,5 еседен аса өсті – деді облыс басшысы.
2019-2020 жылдар аралығында партияның аймақтық филиалы Саяси кеңесінің атқарған жұмыстары туралы баяндама жасаған филиал төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаев Батыс Қазақстан облысы бойынша партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру, Жол картасын орындау, алдағы партия қызметінің басымдықтары сынды мәселелерге назар аударды. Партияның Жарғысына сәйкес облыстық филиалдың сайланбалы органдары – Саяси кеңес, Саяси кеңес Бюросы және Бақылау-тексеру комиссиясының өкілеттік мерзімі аяқталғанын атап өткен Мұрат Рахметұлы екі жыл ішінде орасан жұмыстар атқарылып, көптеген жетістіктер мен нәтижелерге қол жеткізілгенін мәлімдеді.
2019-2020 жылдары облыстық филиалдың қоғамдық қабылдауына 10 мыңнан астам өтініш келіп түсіп, оның 69%-ы оң шешімін тапса, ағымдағы жылы 39 %-ы орындалған. Екі жыл ішінде мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, әкімдер мен әкім орынбасарлары, заңгерлермен 3440 қабылдау өткізіліп, қабылдауға 4948 адам келген.
Есепті кезеңде атқарылған жұмысты қорытындылаған партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары М.Мұқаев «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы», «Халыққа көмек» сынды партиялық жобаларға және «BIRGEMIZ» республикалық акциясы аясындағы жұмыстарға кеңірек тоқталды.
– Партиядан сайланған облыстық, қалалық, аудандық мәслихат депутаттары үгіт-насихат уақытында жинақтаған аманаттарды біртіндеп шешуде. Қысқа мерзімді және орта мерзімді аманаттардың 60 пайызы жүзеге асырылды. Шешілмеген мәселелер бойынша депутаттар тұрғындар арасында және әлеуметтік желі арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде – деген Мұрат Мұқаев баяндама соңында бастауыш партия ұйымдарының, партияның аумақтық және өңірлік филиалдарының жұмысындағы негізгі басымдық «Өзгерістер жолы: Әркімге лайықты өмір» атты «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламаларын жүзеге асыруға және халықтың аманатын орындауға бағытталғанын айтты.