
Бәйтеректік шаруалар үшін биылғы жыл қолайлы болуда
Өткен бейсенбіде облыс әкімі Ғали Есқалиев Бәйтерек ауданында жұмыс сапарымен болып, бірқатар мекеме-кәсіпорындардың жұмысын қадағалап, құрылыс нысандарын аралап, мал баққан, егіс еккен шаруалардың тыныс тіршілігімен танысты.
Өңір басшысының Бәйтерек ауданына сапары алдымен Мичурин ауылындағы полиция бөлімшесінде орнатылған бейне-бақылау камераларының жұмысымен танысудан басталды.
Аудандағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған жоба 2019 жылдың шілде айынан бастап қолға алынған.
Жергілікті полиция басқармасының басшысы Сұлтан Шалдарбековтың айтуынша, ауданда 243 дана бейне-бақылау камерасы орнатылған. Оның 96-сы Переметный ауылында, 60 данасы Дариян ауылында, 87-сі Мичуринде орналасқан. Бейне-бақылау жүйесі іске қосылғаннан бері қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық деректерді анықтау бағытындағы жұмыстар ширай түскен. Мәселен, 2019 жыдың алты айында 16 қылмыстық, 134 әкімшілік құқық бұзушылық деректері анықтылған. Ал өткен жылы 34 қылмыстық, 377 әкімшілік құқық бұзушылық анықталса, биылғы жыл басынан бері 134 әкімшілік, 16 қылмыстық іс анықталып отыр. Бейне-бақылау камераларындағы жазба 40 тәулікке дейін сақталады.
Мүмкіндігі мол, заманауи құрылғының жұмысымен танысқан облыс әкімі бейне-бақылау жүйесін жетілдіріп, адамдарды бет бейнесінін анықтау, көліктердің мемлекеттік нөмірін тану секілді мүмкіндіктерді іске қосуды тапсырды.
Мұнан соң өңір басшысы «Золотой улей» шаруа қожалығының иесі Сергей Кривобоков құрған «БҚО Ара өсірушілер» ауыл шаруашылығы кооперативінің тыныс-тіршілігімен танысты.
Аталған кооператив құрамына 40-тан аса ара өсірушілер біріккен. Жәңгірхан атындағы БҚАТУ мен қоян-қолтық жұмыс жүргізуді қолға алған ұжымның жоспары да жүйелі.
Қолға алынған тың бастаманың жұмысын көрген облыс әкімі бал арасын өсіруді дамыта түсуді, құнарлығы мол жергілікті бал өндірісін өркендетуді жүктеп, бұл салаға әрдайым қолдау көрсететінін мәлімдеді.
Облыс халқын картоп өнімімен қамтып отырған шаруа қожалықтарының бірі - Макаров ауылындағы Тимур Досыпов басшылық ететін «Зенит Агро» ЖШС екені көпке мәлім. Серіктестік құрамындағы «Август» шаруа қожалығы жыл сайын 250 гектар суармалы алқапқа картоп дақылын өсіруде. Қожалық өткен жылы егіс алқабынан төрт мың тоннаға жуық картоп жинаған.
Шаруалардың жұмысымен танысқан облыс әкімі өңір халқын бірінші кезекті керек өніммен толықтай қамту үшін қажетті дақылдар егілетін егіс көлемін ұлғайтуды, шағын қожалықтар бірігіп, өндірістік кооператив құруды тапсырды.
Махамбет ауылында болған өңір басшысы «Шоңайбеков» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Жиырма жылдан астам уақыт егін салып, қазақтың ақбас сиырын бағып отырған іргелі шаруашылықтың жоспары да мығым.
- Биылғы жыл шаруашылық үшін қолайлы болғалы тұр. Көбіктер мен көлтабандарға су қоры мол жиналды. Табиғи шабындықтарға су шықты. Суармалы мал азығын алқабында да ылғал мол. Мал басы жыл сайын артып, шаруамыз дөңгеленіп келеді. Малға қажетті құдықты да соғып алдық. Ел Президентінің өткен жылдың бірінші қыркүйегінде жариялаған Жолдауында айтылған жұмыс беруші есебінен қызметкерді баспанамен қамту бағдарламасына да қатысуды жоспарлап қойдық. Тап айтарлықтай түйіткіл жоқ. Тек қожалықта қызмет етуге ниеттілердің қатары жыл санап кеміп барады. Егістікте жұмыс жасайтын механизаторлар, қарапайым жұмысшылар табу қиын. Осы мәселені шешу жолдарын қарастыратын уақыт жеткен сыңайлы, - дейді қожалық басшысы Сергей Шоңайбеков.
Қожалықтың жұмысымен таныстан өңір басшысы облыс әкімдігі тарапынан қолдау танытатынын мәлімдеп, шаруашылық басшысына мал азығы мен құрама жем дайындау ісіне көп көңіл бөлу керектігін айтты.
Мұнан соң облыс басшысы Шалғай ауылдық округіндегі Чамчиян су қоймасы бөгетінің қазіргі жағдайын көрді.
Тоқсаныншы жылдары қараусыз қалып, әбден кеуіп кеткен су қоймасын ретке келтіріп, бұзылған су қақпаларын жөндеуге қомақты ақша бөлген инвестор өткен жылы табылған еді. Уақтылы жасалған жұмыстың нәтижесінде биыл тоғанға мол су қоры жиналған. Жалпы 20 миллион текше метр су ұстауға қауқарлы су қоймасына осы күні 7-8 миллион текше метр су жиналған.
Қойманы жөндеп жатқан «Асфа» ЖШС-нің мамандары жиналған суды биыл сақтап қалуды көздеп отыр. Инвестор су қоймасындағы тіршілік нәрін сақтап қалуды ғана емес, балық шаруашылығын дамытуды да қолға алуға ниетті. Ол үшін мөңке, тұқы, қалық тұқы сияқты балық шабақтарын жіберуді де қолға алмақ.
Аудан аумағында 30-дан астам тоған бар екенін айтқан аудан әкімі Марат Тоқжанов су ұстап қалу жұмыстары биыл ойдағыдай жүргенін де атап өтті. Соның арқасында округтердегі тоғандардың біразы суға толыпты. Тек Егіндібұлақ және Зеленый ауылындағы жағдай мәз емес екен.
- Тозығы жеткен тоғандардың қалпына келтірілгені жақсы. Десе де, суды орнымен пайдалану керек. Бар суды айналадағы алқаптарды суғаруға пайдаланған дұрыс. Сонымен қатар тоған аумағын да кеңейтуді ойластырған жөн, - деді Ғ.Есқалиев.
Аудан орталығына барар жолда облыс әкімі Переметный-Вечный автожолының күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Жалпы ұзындығы 24 шақырымды құрайтын жолдың өткен жылы 13 шақырымы аяқталған. Биыл қалғаны жөнделетін болады.
- Өткен жылы ауданда 80 шақырымнан астам жол салынды. Былтырғы қолға алынған сегіз жобаның бесеуі аяқталған болса, үшеуі биылға қалды. Мичурин және Асан ауылдарындағы ауылішілік жолдар мен Переметный-Вечный тас жолының 11 шақырымы жөнделуде. Алғашқы екеуі жақын арада аяқталуы тиіс, - деді аудан әкімінің орынбасары Мұрат Залмұқанов.
Мұрат Дүйсенұлының айтуынша, биыл Январцев ауылына кіретін сегіз, Погодаев ауылына кіретін 4,8, Железнов ауылына кіретін үш, Трекинге кіретін екі, Чувашка ауылына кіретін 8, Чировқа барар 13, Макаров ауылына апаратын 12 шақырым және Переметный мен Белес ауылын қосатын жолды жөндеуге ақша бөлінуде. Одан бөлек Егіндібұлақ, Жайық, Махамбет, Мичурин, Октябрь, Мичурин ауылына қарасты Жером ауданы, Раздольное және Калининскийдағы ауылішілік жолдарына қаражат бөлінсе, жұмыс басталмақшы.
Ауданда атқарылып жатқан игі істерге қаныққан облыс әкімі басталған жобалардың сәтті жүзеге асуын тілеп, алда тұрған міндеттерге тоқталды.
Тасқалада мол өнімнен үміт бар
Ел Президентінің ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру таралы тапсырмасы Тасқала ауданында қарқынды атқарылуда. Өткен жылдың өзінде 12 АӨК құрылған болса, биыл төрт кооператив жасақталған. Жалпы аудандағы 22 АӨК-нің 521 мүшесі бар. Олардың 20-сы мал тұқымын түрлендірумен шұғылданса, екі кооператив мал бордақылауды қолға алуда.
Өткен бейсенбіде Тасқала ауданында болған облыс әкімі Ғали Есқалиев ауыл шаруашылығы коперативтерінің жұмысын көріп, ұжымдық бау-бақша егу істерімен, шаруалардың егістік жұмыстарымен танысты.
Аудан орталығына жақын орналасқан «Луч» ЖШС бүгінде егістікке дән себу жұмыстарына білек сыбана кіріскен. Шаруашылықтың иелігінде 4 мың гектар егіс алқабы бар. Оның 1000 гектарына мақсары егілсе, 500 гектарына арпа, 1500 гектарына жаздық бидай дәні себілуде.
- Биылғы жыл шаруалар үшін қолайлы болып тұр. Қыста жауған қар мен көктемгі жауын-шашыннан жиналған ылғал мол. Бұйырса, жақсы өнім жинаймыз деп отырмыз. Егістік жұмыстарына қажетті техника мен жұмысшылар саны жеткілікті. Өз иелігімізде 4 К-700, 5 ДТ, 2 Камаз техникалары бар. Оларды барынша жаңартып отырамыз. Сонымен қатар қазіргі кезде 300 бас жылқы, жүзге жуық ірі қарамыз бар. Сүтті бағыттағы әр сиырдан тәулігіне 30-35 литр сүт алынады. Қаймақ, май, ірімшік секілді табиғи таза өнімдерімізге сұраныс та жоғары. Аудан орталығында орналасқан сүт фермамыздағы қоралар әбден тозған. Алдағы уақытта мал қораларын жөндеп, сүт өнімдерін шығаруды жетілдіре түсіруді жоспарлап отырмыз. Бірақ қаржылық жағдайымыз келіңкіремей тұр. Бір қораны жөндеу үшін 15-20 миллион теңге керек. Жеңілдетілген несие алсақ, бұл жұмысты да бастап кетер едік, - дейді шаруашылық жетекшісі Нариман Мусенов.
Егіс алқабында болған өңір басшысы аудан әкіміне шаруаға қолдау көрсетіп, несие алып беру немесе инвестор табу жағын қарастыруды тапсырды.
- Біздің облысқа 95% сүт өнімдері шет мемлекеттерден немесе көршілес өңірлерден әкелінеді. Сүтті бағыттағы ірі қара малын көптеп өсіріп, халықты жергілікті табиғи өніммен қамтуымыз керек. Сүт өндірісін дамытамын деген шаруаға біздер де қолдау көрсетуге дайынбыз. Бұл бағытта облыста құрылып, бүгінде сапалы жұмыс жасап отырған «Ақжайық ӘКК» акционерлік қоғамы арқылы қаражат көзін қарастыруға болады, - деді облыс әкімі.
Тасқала ауданы өткен жылдан бастап ұжымдық бау-бақша егуге де ден қойған. Былтыр аудан орталығында Деркөл көлі маңынан бес гектар жер өңделіп, ауыл тұрғындары картоп отырғызған. Игі бастама басқа ауылдық округтерде де қолға алынып, жалпы 23 гектар жерге бақша егіліп, одан 85 центнер картоп жиналған. Биыл аудандағы бау-бақша егетін егістіктің көлемін 30 гектарға жеткізген. Бүгінде 7,5 тонна «Гала», «Вега», «Венда» секілді сапалы картоп сұрыптары әкелінген. Бау-бақша басында жұмыс қайнап жатыр. Әр тұрғын өзіне тиесілі жерге картоп пен бақша дақылдарын егуде.
Он бес жыл бұрын құрылып, бау-бақша егуді шебер меңгерген «Шевченко» жеке кәсіпкерлігінің тәлімбақ егу ісін қолға алған.
- Жылма-жыл бақша дақылдарын егемін. Одан түсетін пайда да жақсы. Сонымен қатар ормандық тәлімбақпен де айналысамын. Өткен күзде қайың, қарағай, шырша, үйіңкі, шаған, сағызқарағай, өрік секілді ағаштардың дәндерін септім. Терек тұқымдарын Ресейден әкелдім. Биыл көктемде шыршаның бір жылдық көшеттерін отырғыздым. Жас шыбықтарым жақсы өсіп кетсе, оларды далалық жерлерге, егістік жағасына таратып, отырғызбақпын. Бұл қыста қар тоқтатуға, жерді құнарландыруға өз себебін тигізер еді. Қолға алған ісім ойдағыдай шықса, будандастырылған терек талдарын да сатқым келеді. Жыл сайын Ресейдің көршілес облыстарынан қыруар қаражат жұмсап, ағаш көшеттерін сатып аламыз. Олардың көбі көктемей де қалып жатады. Ал жергілікті жерде өскен тал-теректен көп шығын да болмайды, - дейді Михаил Шевченко.
Кәсіпкер былтыр аудан жастарын еңбекке баулуға атсалысып, оларға бір гектар жерін ұсынған. Жыртылып, тырмаланып тұрған жерге ауыл жастары бау-бақша салып, жаздай баптаған.
- Биыл екінші жыл бау-бақша егіп жатырмыз. Былтыр картоп, қызанақ, қияр, сәбіз, қызылша еккен болатынбыз. Енді биыл голландық картоп тұқымын егудеміз. Бұл жерді трактормен қопсытып берді. Өткен жылы жиналған өнімдерді «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы аясында ардагерлер мен мұқтаж отбасыларға көмек ретінде үлестіріп бердік. Жаз бойы жастар осында жұмыс жасайды. Қатарымызда жастар ресурстық орталағының мамандары мен «Жасыл ел» жастары бар. Биыл 145 жасты «Жасыл ел» қатарына тартып жатырмыз. Осы айдың бірінші мамырынан 30 жас жұмысын бастап кетті. Біразы аудан орталығын абаттандыруға атсалысуда, - деді аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Г.Бирниязова.
Облыс әкімі бау-бақша басындағы халықтың белсенділігіне ризашылығын білдіріп, жастармен бірге картоп отырғызу жұмыстарына қатысты.
Данияр Какимов есімді кәсіпкер өткен жылдың қараша айында Бірлік ауылынан су құю цехын іске қосқан болатын. «Феррум контракт» компаниясы бұл жобаға 264 миллион теңге қаражат жұмсаған. Алғашында 0,5, 1, 1,5 литрлік бөтелкелерге құйылған су шығарған болса, бүгінде 5 және 19 литрлік ыдыстарға су құюды іске қосқан. Аталған цех сағатына 1000 бөтелке су шығаруға қауқарлы. «SU+» маркасымен шығатын ауыз су біздің облыстан бөлек, Ақтөбе, Атырау, Нұр-Сұлтан, Қостанай облыстарына да экспортталады. Орал қаласындағы сауда үйлерінен де сұраныс жоғары екен. Кәсіпорын оншақты ауыл тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
«Феррум контракт» компаниясының жұмысымен танысқан өңір басшысы тың бастаманы жүзеге асырған кәсіпкерге сәттілік тілеп, облыстағы барлық мекеме-кәсіпорындар жергілікті өнімнің өтуіне атсалысу керектігін айтты.
Бейбіт Иманғалие есімді жас жігіт Шежін ауылы маңындағы көне бақты қайта жаңғырту жұмысын қолға алған. Ол бақ аумағын қайта қорғап, қураған жеміс ағаштарынан тазартып, алма терегінің жас талдарын отырғызған. Жобаның бірінші кезеңі бойынша «Весна», «Золотое превосходное», «Старкримсон», «Яблоня Июльское» секілді алма сұрыптарынан бір жылда 10 тонна алма жинамақшы.
- Жеміс ағашын баптаумен бұрыннан айналысамын. Атырау қаласында тұрғанда да шағын бақ отырғызған едім. Енді ауыл жанындағы бұрындары бақ болған жерді жаңғыртып жатырмын. Төрт гектар жерге алма ағаштары отырғызылды. Мұнымен тоқтап қалмаймын. Бақ аумағын кеңейтіп, жеміс ағаштарының саны мен түрін көбейткім келеді. Болашақта шырын шығаратын цех ашу да жоспарымда бар. Биылдан бастап картоп егуді де қолға алдым, - дейді жас кәсіпкер Бейбіт Иманғалиев.
Шежін ауылында болған облыс әкімі ауыл тұрғындарымен кездесіп, орталық бақтағы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтар ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Өңір басшысымен жүздескен ауыл тұрғындары интернет жүйесінің жоқтығы, мемлекеттік-жекешілік әріптестікпен салынған жатақхананы іске қосу туралы түйіткілдерін айтты.
Жалпы жұмыс сапарымен ауыл-аймақты аралаған облыс әкімі ауданда қолға алынған тың бастамаларға ризашылығын білдірді. Сондай-ақ аудан-ауылдардың тазалығын атап өтіп, ұжымдық бау-бақша егу, көне бақтарды жаңғырту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруда Тасқала ауданы оқ бойы алда екендігіне тоқталды.
Нұрбек Оразаев,
zhaikpress