Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысы өтті

Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысы өтті

Облыс әкімдігінде облыс әкімінің бірінші орынбасары М. Манкеевтің төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Отырысқа аудан әкімдіктері мен Орал қаласының әкімдігі, ІІД қызметкерлері, мүдделі мекеме басшылары мен азаматтық қорғау қызметкерлері қатысты.
Күн тәртібінде табиғи өрт қауіпті кезеңіне дайындық барысы, суға түсу маусымында адам өлімінің алдын алу, жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
 
БҚО ТЖД бастығының орынбасары Рашид Біләловтің айуынша 2021 жылдың 1 тоқсанында облыс аумағында 88 өрт оқиғасы тіркелген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,4%-ға аз. Жыл басынан бері жалпы ауданы 50 га болатын 5 табиғи өрт орын алды.
Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар 25 километр радиуста орналасқан 62 елдімекеннің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ететін 18 өрт сөндіру бекетін құрды. Сондай-ақ, биыл мемлекеттік өртке қарсы қызметі жоқ елдімекендерде 4 өрт сөндіру бекетін құру жоспарланған.

БҚО ТЖД бастығының орынбасары Арман Тоқановтың айтуынша, облыста су объектілері мен су шаруашылығы құрылыстарында жаппай демалу, туризм және спортпен айналысуға арналған 69 орын анықталды. Оның ішінде 10 жағажайдың иесі бекітілген.
Барлық алдын алу шараларына қарамастан, 2020 жылы 21 адам суға кетті, оның 8-і бала. 8 адам дер кезінде құтқарылса, оның 6-ы бала. Су айдындарында адамдардың қаза болуының негізгі себептері балалардың ата-ананың бақылауынсыз суға шомылуы, мас күйінде суға шомылу, балық аулаудағы қауіпсіздіктің сақталмауы болып табылады.

Бүгінгі күні мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен рейдтік іс-шаралардың бірлескен кестесі әзірленіп, су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатындағы "Қауіпсіз жаз" айлығы жоспарланған.

Отырысты қорытындылай келе, комиссия төрағасы М.Манкеев мемлекеттік органдардың басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар берді.
- Жыл сайын көктем мен жазғы кезеңде облыс аумағында күрделі өрт қауіпті жағдай пайда болады. Сондықтан бүгіннен бастап барлық алдын алу шараларын қабылдап, жұмысты күшейту қажет.

Халық арасында түсіндіру жұмыстарын жандандыру, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттау жұмыстарын күшейту, сондай-ақ, минералдандырылған жолақтарды құруды, орман алқаптарын құлаған ағаштардан, өткен жылдан қалған шөптерден тазартуды ұйымдастыру қажет, - деді Мұхтар Манкеев.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Орал қаласы мен аудан әкімдеріне шомылу маусымы басталғанға дейін коммуналдық жағажайларды ашу мәселесін пысықтауды тапсырды.