БҚО ӘКІМІ ЖЕРГІЛІКТІ ҚАМТУ ҮЛЕСІН АРТТЫРУДЫ ТАПСЫРДЫ

БҚО ӘКІМІ ЖЕРГІЛІКТІ ҚАМТУ ҮЛЕСІН АРТТЫРУДЫ ТАПСЫРДЫ



Бүгін облыс әкімдігінде облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен отандық тауар өндірушілерді қолдау және жергілікті қамту үлесін арттыру жөніндегі комиссияның отырысы өтті.
Отырыс барысында өңір басшысы батысқазақстандық тауарлар мен қызметтер үлесін арттырудың стратегиялық маңыздылығын тілге тиек етті.

2020-2021 жылдары "қарапайым заттар экономикасы" салаларының сатып алынатын тауарларына жүргізілген талдау нәтижесінде өңірде сатып алынатын тауар көлемінің едәуір ұлғаюы байқалады. Мысалы, төсек жабдықтарын сатып алу 68,2% - ға, шүберек 117% - ға, сиыр еті 87,2% - ға, сүт 175,1% - ға, цемент 42,3% - ға, әк 81% - ға көбейген. Сәйкесінше, жиһаз өнеркәсібінің тауарларын сатып алуда да айтарлықтай өсім бар. Ал, сатып алынатын тауар ішінде костюм 88,7% - ға, нан 18,9% - ға, кір жуатын ұнтақ 5% - ға төмендеген.
​Атап өткендей, құны 1000 АЕК жоғары тауар жеткізушілер СТ-KZ сертификаттарын бере бермейді. Мысалы, қалалық көпбейінді аурухана "Дезифекциялаушы Компания" ЖШС-нан 5 824,0 мың теңге сомасына жуу құралдарын сатып алды, онда тауардың осы түріне СТ-KZ сертификаты болмаған. Айта кету керек, СТ-KZ-тің жуғыш заттарды өндіруге арналған сертификаттары "KazStepService"ЖШС-інде бар.

Жергілікті тауар өндірушілерде де сертификаттардың жоқтығы байқалады. Мысалы, көкөністерді(картоп, пияз, қырыққабат, қызылша, сәбіз) сатып алу бойынша жергілікті тауар өндірушілер қатарынан сертификаттар тек "Калентьев М. А." шаруа қожалығында 10 000 келіге 10 дана көлемінде ғана бар, ал мемлекеттік сатып алу жоспарына сәйкес көкөністерге қажеттілік 1 945 909 келіні құрайды.

​Жиында облыс әкімі тиісті сала басшыларына жергілікті жеткізушілер мен тауар өндірушілердің барлық тендерлерге қатысуын қамтамасыз етуді міндеттеді. Сондай-ақ, конкурс жеңімпаздарының өзімен бірге СТ-KZ сертификатының болуы қадағаланып, жергілікті тауар өндірушілер мен жеткізушілерге осы сертификатты алуға қолдау көрсетуді тапсырды.

2020 жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік жобаларды іске асыру кезінде орта есеппен жергілікті қамту үлесі (ЕМС) – 55% – ды, тұрғын үй құрылысында-82% - ды, желілерді жүргізу -85% - ды құраған.

Облыста линолеум, ламинат, керамикалық плитка, арматура, тағы басқа өндіріс түрлерін дамыту арқылы өңірдің қажеттіліктерін өтеуге мүмкіндік мол.

Отырыс барысында "КПО Б.В" компаниясының жергілікті қамтуды дамыту бойынша көрсеткіштері аталды. Осылайша, 2020 жылы компания тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді жеткізу үшін БҚО кәсіпорындарына 319 миллион АҚШ долларын төлеген, ал ЕНС бойынша бұл көрсеткіш 71 пайызға жеткен.

Отырыс қорытындысы бойынша өңір басшысы жергілікті бизнес өкілдері өңірдің қажеттіліктері туралы толық ақпаратқа ие болуы тиіс екенін атап өтті.