2020 жылы облыстық қазақ драма театры онлайн форматта жұмыс жасаған. Х. Бөкеева үздік ондыққа кірді.
Жақында Халықаралық театр сыншыларының қауымдастығы өткен жылдың қорытындысын шығарып, қазақстандық театрлардың атқарған жұмыстарына талдау жасады. Жыл ішіндегі үздіктер анықталды. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады және жеңімпаздарды құттықтады.
Пандемияға байланысты ZOOM платформасында өткен онлайн-шараға театр сыншылары, Қазақстанның барлық театрларының директорлары мен көркемдік жетекшілері қатысты. Театрлардың атқарған жұмыстарын отандық сыншылар бағалады. Олардың арасында Анар Еркебай, Сәния Қабдиева, Бақыт Нұрпейіс, Амангелді Мұқан, Меруерт Жақсылықова, Зухра Исламбаева, жас театр сыншылары Назерке Құмарғалиева, Моншак Бекайдарова, Ұлжан Құрманбай, Жансая Тұрмағанбет бар.
Театр сыншысы, Қазақстандағы театр сыншылары қауымдастығының басшысы Анар Еркебай карантин кезеңіндегі елдегі мемлекеттік және тәуелсіз театрлардың қызметі туралы айтып берді. Оның айтуынша, биыл 60 театрдың 40-ы мониторингке қатысып, сауалнамадан өткен. Сыншылардың пікірінше, 2020 жылы облыстық қазақ драма театры онлайн форматта жұмыс жасаған. Х. Бөкеева үздік ондыққа кірді.
Сонымен қатар, театр өнері саласындағы үздік қызметкерлер "Сыншылар жүйесі-2020"театр сыншыларының сыйлығына ие болды. Облыстық театрдың бас режиссері Гаухар Адай "жылдың жаңа есімі" номинациясы бойынша сыншылар сыйлығын, ал актер Ербол Есендосов "Мен" спектаклінде "Үздік актер"номинациясы бойынша марапатқа ие болды.