
Бүгін облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Шәкімовтің төрағалығымен Батыс Қазақстан облысы әкімдігі жанындағы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі комиссияның отырысы өтті.
Күн тәртібінде ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысы аумағындағы апаттылық жағдайы, автомобиль тасымалдары саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының 2020-2021 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа дайындығы, Орал қаласы жол желісінің 2020-2021 жылдардағы күзгі – қысқы кезеңдегі жұмысқа дайындығы және Орал қаласындағы жол жүрісін реттеудің техникалық құралдарының жай – күйі, сондай-ақ "Батыс Қазақстан облысының қауіпсіз жолдары"жобасы бойынша атқарылған жұмыс қорытындылары талқыланды.
Ағымдағы жылдың басынан бері 281 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, нәтижесінде 71 адам қаза тапты, 339 адам түрлі дәрежедегі дене жарақатын алды. Орал қаласы мен облыс орталығының көшелерін күтіп-ұстауды мемлекеттік бақылау және қадағалау кезінде көшелерді және жол қозғалысын ұйымдастырудың техникалық құралдарын күтіп-ұстаудағы кемшіліктерді жоюға 373 нұсқама берілді, 40 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды, қаражаттың жетіспеуіне байланысты 84 нұсқама бүгінгі күнге дейін орындалмаған.
- Жергілікті атқарушы органдармен және жол кәсіпорындарымен өзара іс-қимыл барысында жол-көлік оқиғаларына жүргізілген талдау негізінде 33 бағдаршам объектісі орнатылып, пайдалануға берілді. Оның ішінде 19 нысанның жаяу жүргіншілерге арналған шақыру түймелері бар. Сондай - ақ, қаланың орталық көшесінде 29 реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінде түнгі уақытта күн батареяларымен жарықтандыру катафоттары жұмыс істейді, ал 15 реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінде "Қорғау" автономды құрылғысы орнатылған,-БҚО ПД әкімшілік полиция басқармасы жол-техникалық инспекция бөлімінің басшысы Алмаз Жұмапиев.
Жыл қорытындысы бойынша автомобиль тасымалы саласында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жүргізілген шаралар туралы БҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары Момыш Ермеков баяндады.
- Көліктік бақылау инспекциясының негізгі құзыреттерінің бірі Қазақстан Республикасының аумағы бойынша автокөлік құралдарының жүріп өтуін, оның ішінде отандық және шетелдік тасымалдаушылардың республика аумағында белгіленген автокөлік құралдарының рұқсат етілген көлемдік және салмақтық параметрлерін сақтауын бақылау болып табылады. Жыл басынан бері көліктік бақылаудың жылжымалы бекеттерінде 8502 (14380) автокөлік құралы тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 40,9% - ға төмен. Тасымалдаушылардың автомобиль көлігі саласындағы заңнама талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы 1519 (1077) хаттама толтырылып, жалпы сомасы 50 млн.98 мың теңге айыппұл салынды (2019 жылы - 56 млн. 888 мың), оның ішінде шетелдік тасымалдаушыларға қатысты 1031, сомасы 29 млн. 444,6 мың теңге, отандық тасымалдаушыларға қатысты 488, сомасы 20 млн. 653,9 мың теңге, - деді М. Ермеков.
Бұдан әрі "Батыс Қазақстан облысының қауіпсіз жолдары" жобасы бойынша атқарылған жұмыстар, Жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдарының жай-күйі және Орал қаласының жолдар желісінің 2020-2021 жылдардың күзгі-қысқы кезеңіне дайындығы туралы шолулар тыңдалды.
Жадыгер Құсайынов,
zhaikpress.kz