Тәуелсіздік күнінде тұрғындар жаңа қонысқа аяқ басты

Тәуелсіздік күнінде тұрғындар жаңа қонысқа аяқ басты

Тәуелсіздік күні Орал қаласы Зашаған кентіндегі көп қабатты үй пайдалануға берілді. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқасында қоныстойын атап өткен тұрғындарды облыс әкімі Ғали Есқалиев құттықтады.

– Елдің тұрақтылығы мен халықтың татулығы арқасында Тәуелсіздік жемісін көрудеміз. Жаңа пәтер иелерін шын жүрегімен құттықтаймын. Өңірде халық игілігі үшін көптеген үй құрылысы жүргізілуде. Баспана алуға берілетін несие төлемі қолжетімді болуы үшін мемлекет құрылыс құнын субсидиялап, мердігерге қомақты қаражат бөлді. «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы тұрғындарға оңтайлы ипотека қарастырылған, – деді Ғали Есқалиев.  2018 жылдың күзінде басталған 9 қабатты 180 пәтерлік үй құрылысына республикалық және жергілікті бюджеттен 2 млрд теңге жұмсалды. Пәтерлердің жалпы ауданы 10 609,50 шаршы метрді құрайды.

Орал қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Алтай Молдағалиевтің айтуынша, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы ауқымында салынған үйдегі пәтерлердің тең жартысы «Тұрғынүйқұрылысжинақ банк» салымшыларына, екінші бөлігі жергілікті атқарушы орган бойынша үй кезегінде тұрғандарға арналған. Бірақ баспана кезегіне тіркелгендер де аталған банктен шот ашып, пәтер сатып алуға қаражат жинаған. Құрылыс мерзімінің кешігіп аяқталуына байланысты көктемде құрылыс компаниясынан басқа мердігер үй аумағындағы жолды асфальттау, айналасын абаттандыру жұмысын аяқтайды.

Жаңа пәтер кілтін алғандардың арасында Орал қаласының тұрғыны, «Арба» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Әсел Садырова да бар. Бірлестік құрамында бағдарламашы болып қызмет ететін ол баспана табу өмірлік басты мақсатының бірі екенін айтады. Қала бойынша жеті жылдан бері үй кезегіне тұрған Әсел Садырова қарекет етуге білек сыбанып, «Тұрғынүйқұрылысжинақ банк» АҚ арқылы депозит ашқан. Үш жыл бойы еңбекақысынан алғашқы жарнаға қаражат жинаған. Болашаққа деген сенімі мен мығым ерік-жігері арқасында биыл банктегі салымының игілігін көріп, жаңа пәтерге ие болып отыр.

– Төрт жыл бұрын банктен «Отбасылық пакет» депозитін аштық. Бір жыл бұрын көп балалы ана мәртебесі бойынша үй кезегіне тіркелдім. Үй құнының 20 пайыз жарнасын толық жинадық. «Нұрлы жер» бағдарламасының игілігін көріп отырмыз. Бүгін облыс әкімі жаңа пәтер кілтін салтанатты түрде табыстады. Тасқала ауданындағы Ы. Алтынсарин атындағы жалпы орта білім беретін мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет етемін. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін, – деді қуанышы қойнына сыймай ағынан жарыған Айнагүл Үмбеталиева енді қалаға көшіп келуді жоспарлап отырғандарын айтты.

Н. ТЕКЕБАЕВ

zhaikpress.kz