АТАУЛЫ ЖЫЛ АЯСЫНДАҒЫ АУҚЫМДЫ ЖОСПАР ПЫСЫҚТАЛДЫ

АТАУЛЫ ЖЫЛ АЯСЫНДАҒЫ АУҚЫМДЫ ЖОСПАР ПЫСЫҚТАЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында цифрлық әлеуетті арттырып, жасанды интеллектіні тиімді игерудің маңызын атап өтті. Уақыт талабымен үндес бұл қадам еліміздің дамуы жолындағы басым бағыт болып белгіленді.

Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңес отырысында Президент сұхбатында айқындалған мақсат-міндеттер, атап айтқанда аймақта цифрландыру үдерісі мен жасанды интеллектіні енгізу тетіктері туралы егжей-тегжейлі талқыланды.

Жасанды интеллект функцияларын қосу қызмет сапасын арттырып, сан салада тың серпін берді. Мәселен, бүгінгі таңда ikomek109 бірыңғай call-орталығы «Smart Data Ukimet» ақпараттық-талдау жүйесі біріктірілді. Қазіргі міндет – тұрғындардан келіп түсетін қоңырауларға жауап беру үдерісін толық автоматтандыру. Жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау үшін былтыр Орал қаласында 300 заманауи камера орнатылды. Өңірде орман өртінің алдын алу және ерте анықтау мақсатында 10 бейнебақылау жүйесі іске қосылды. Қалалық емханалардың бірінде азаматтарға қоңырау шалу жүйесі автоматтандырылды. Облыс орталығында барлық қоғамдық көлікте электронды төлем жүйесі енгізілді. Ауыл шаруашылығы жерлерінің мақсатты пайдаланылуына геоақпараттық портал арқылы мониторинг жүргізіледі. «E-sep.su» жобасы ауыз суды тұтынудың ашықтығын қамтамасыз ете отырып, әділ субсидиялауға және бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік берді. IT қауымдастығымен бірлескен жұмыстың нәтижесінде IT-Hub бағдарламалау мектебінде 6 айлық оқыту курсынан өткен 58 түлек жергілікті компанияларда еңбекке араласты. Былтырғы қараша айында басталған курсқа тағы 20 жас қатысып жатыр. Облыстың бюджеттік жоспарлау үдерісін цифрландыратын «Орал 365» ақпараттық жүйесі енгізілді. Bkogov.kz бірыңғай интернет ресурсы аясында 900-ден астам сайт орталықтандырылды. Ұялы байланыс сапасын арттыру мақсатында 23 ауылда жаңа базалық станция орнатылып, 202 ауылда 4G стандартына жетілдірілді. 5G стандарты бойынша Оралда 77 станция іске қосылды, биыл тағы 19 станция орнатылады. 7 антенна-діңгек құрылғысы республикалық жолдарға жоспарланған. 28 ауылға Starlink спутниктік интернеті тартылды.