БҚО-да 77 5G станция іске қосылды

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында БҚО әкімі Нариман Төреғалиев айтты.
Батыс Қазақстан облысында цифрлық инфрақұрылымды дамыту қарқынды жүргізілуде. Облыстағы 405 ауылдық елді мекеннің 343-і, яғни 85%-і интернетке қол жеткізген. Халық саны 50-ден төмен ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету үшін 24 ауылға OneWeb спутниктік технологиясының станциялары орнатылуда.
Сонымен қатар 5G стандартындағы 77 базалық станция іске қосылды. Интернет сапасын одан әрі жақсарту мақсатында «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2027 жылға дейін 220 ауыл талшықты-оптикалық байланыспен қамтылатын болады.
«Smart City» тұжырымдамасы бойынша ақылды қалалардың рейтингінде Орал қаласы 2024 жылдың қорытындысы бойынша 78,3%-бен үздік 5 қаланың қатарына енді. Бұл шаралар облыс тұрғындарының сапалы байланысқа қол жеткізуін қамтамасыз етіп, цифрлық даму көрсеткіштерін арттыруға бағытталған», - деді Н.Төреғалиев.