Қазақстандық инновациялар әлемдік нарыққа жолда: АҚШ-та стартаптар таныстырылды

Қазақстандық инновациялар әлемдік нарыққа жолда: АҚШ-та стартаптар таныстырылды

🌐 Мемлекет басшысының Америка Құрама Штаттарына ресми сапары барысында өсу әлеуеті жоғары стартаптарды ұсынып отырған қазақстандық технологиялық компаниялардың негізін қалаушылармен кездесуі өтті.

Таныстырылған жобалар технологиялық тұрғыда жетілдірілген, кеңейту мүмкіндігі мен инвестициялық тартымдылығы дәлелденген. Барлық командалар Astana Hub резиденттері және Silkroad Innovation Hub (Орталық Еуразия инновацияларын АҚШ нарығында ілгерілетуге ықпал ететін халықаралық әріптес) платформасының қатысушылары.

Кездесу барысында Қазақстанның технологиялық әлеуетінің ауқымы мен әртүрлілігін көрсететін төрт стартап таныстырылды:

– VALINOR DISCOVERY, негізін қалаушысы және операциялық директоры – Жанель Нұғманова: генеративті жасанды интеллект пен мультимоддық деректерді пайдалана отырып, виртуалды пациенттерді модельдеу және дәрі-дәрмектердің тиімділігін болжайтын биотехнологиялық стартап.
– DEEPINFRA, тең құрылтайшысы – Есенжар Қанапин: машиналық оқыту және жасанды интеллект модельдерінің инференсін API арқылы жылдам орындауды қамтамасыз етеді.
– ARC AERO, тең құрылтайшысы және бас атқарушы директоры – Әсел Тұрсын: қоғамдық қауіпсіздік пен логистикаға арналған ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарын әзірлейді. АҚШ-та Arc Aero 911 жедел әрекет ету жүйелерімен интеграцияланып, құқық қорғау және медицина ұйымдарында әрекет ету орталықтарын енгізіп жатыр.
– PERCEPTIS AI, тең құрылтайшысы және техникалық директоры – Ерусұлтан Сапар: консалтингтік және аналитикалық құжаттарды (архивті талдаудан бастап стратегия әзірлеуге және директорлар кеңесіне арналған материалдарға дейін) автоматтандыруға арналған генеративті жасанды интеллект негізіндегі платформа. UC Berkeley түлектері және McKinsey мен Apple-дің бұрынғы қызметкерлері негізін қалаған.