
Батыс Қазақстан облысы бойынша еңбек инспекциясы басқармасы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексіне енгізілген негізгі өзгерістер мен толықтырулар туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда.
Атап айтқанда, 11.06.2020 жылы басқарма басшысы А.Ж.Айтуев пен «Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар орталығы» АКБ төрайымы А.У.Есекенова облыстық «Aqjaiq» телеарнасының тікелей эфирінде «Время вашего вопроса»бағдарламасына қатысты.
Басқарма басшысы өз сөзінде, ағымдағы жылдың 4 мамырында Мемлекет басшысы қол қойған аталмыш ҚР Заңы Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасын орындау үшін әзірленгенін, сондай-ақ:
азаматтардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын толық іске асыру үшін жағдай жасау бөлігінде, еңбек қатынастарын реттеу;
жұмыскерлер мен жұмыс берушілер өкілдерінің өкілеттіктерін регламенттеу бөлігінде, әлеуметтік әріптестікті реттеу;
еңбекті қорғауды басқару жүйесін енгізу бөлігінде, еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды реттеуге бағытталғанын атап өтті.
Бұдан бөлек, еңбек шарттарының электронды нұсқаға ауысуын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды..
Кодекске енгізілген өзгертулер жұмыс берушілердің еңбек шартын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (ЕАБЖ) жұмыскерлермен еңбек шартын жасасу және тоқтату туралы ақпаратты, оған енгізілген өзгертулер мен толықтырулар туралы келесідей ақпараттарды жіберуге міндеттейді:
1) тараптардың реквизиттері – жұмыс беруші- жеке тұлғаның ЖСН-і немесе жұмыс беруші - заңды тұлғаның БСН-і, жұмыскердің ЖСН-і.
2) белгілі мамандық, кәсіп, біліктілік немесе қызмет (еңбек қызметі) бойынша жұмысы;
3) жұмыс істеу орыны;
4) еңбекшартының мерзімі;
5) жұмыстың басталу уақыты;
6) шарт жасасу мерзімі мен реттік нөмірі.
Көрермендердің қойылған сұрақтарына заңнамаға сәйкес жауаптар берілді.
Бұл бағыттағы түсіндіру жұмыстары жалғасуда.