Өндірісте жазатайым оқиға орын алған жағдайда жұмыс берушінің өзін және қызметкерлерін қорғау үшін қабылдауға тиіс маңызды шараларының бірі – қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне және Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 7 ақпандағы №30 «Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» Заңына сәйкес, мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, меншік нысанына қарамастан барлық жұмыс берушілер қызметкерлерін еңбек (қызметтік) міндеттерін атқаруына байланысты жазатайым оқиғалардан міндетті түрде сақтандыруға міндетті.
Мұндай шарт өндірісте жазатайым оқиға орын алған жағдайда зардап шеккен қызметкерлерге немесе олардың отбасыларына сақтандыру төлемдерін алуға кепілдік береді, сондай-ақ бизнестің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, сақтандыру шартының болуы қызметкерлердің сенімділігін арттырып, жұмыс берушінің беделін нығайтады, адами капитал мен экономиканың тұрақты дамуына ықпал етеді.
2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша облыста жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттарын жасасқан заңды және жеке тұлғалардың саны 6246 болды.
Оның ішінде міндетті сақтандыру шарттарын жасасқан заңды тұлғалардың саны 3283 немесе облыстағы жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалардың жалпы санының 81,6%-ын құрады (статистикалық мәліметтерге сәйкес облыста 4023 заңды тұлға жұмыс істейді).
Жалпы, заңды тұлғалар арасындағы сақтандырудың жоғары көрсеткіші Департаменттің жұмыс берушілермен, прокуратура органдарымен және өмірді сақтандыру компанияларымен жүргізген белсенді жұмысының нәтижесі болып табылады. Бұл қызметкерлердің әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету және жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру бағытында қабылданып жатқан шараларды көрсетеді.
Сонымен бірге, жекелеген жұмыс берушілер әлі де заңнама талаптарын орындамай отыр. Бұл әсіресе шағын және орта бизнес өкілдеріне қатысты.
Міндетті сақтандыру шартының болмауы Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 230-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады.
Кәсіпкерлік субъектісінің санатына қарай мынадай мөлшерде айыппұл салынады:
шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 160 АЕК;
орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 400 АЕК;
ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 1000 АЕК.
2026 жылы міндетті сақтандыру шартының болмағаны үшін Жәнібек ауданындағы бір мемлекеттік кәсіпорын әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті алдағы уақытта да:
жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру;
өндірістік жарақаттанудың алдын алу;
қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау;
қауіпсіз еңбек мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.
Басты басымдық – құқық бұзушылықтардың алдын алу және қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын сақтау.