Внешний анализ коррупционных рисков

05.04.2021-ғы № 9-1/1513 шығыс хаты

06.04.2021-ғы № 830 кіріс хаты

БҚО еңбек инспекциясы бойынша басқармасы қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау нәтижелері бойынша талдамалық анықтама

 

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) БҚО бойынша департаментінің 02.03.2021ж. №22 және БҚО еңбек инспекциясы бойынша басқармасының (бұдан әрі – Басқарма) 03.03.2021ж. №27 бірлескен бұйрығы негізінде жүргізілді.

 

Талдау:

  • нормативтік құқықтық актілердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау;
  • персоналды басқару;
  • мүдделер қақтығысын реттеу;
  • мемлекеттік қызметтер көрсету;
  • рұқсат беру функцияларын орындау;
  • бақылау-қадағалау функцияларын іске асыру;
  • сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау объектісінің ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметінен туындайтын өзге де мәселелерді зерделеуді қамтиды.

 

Талдау өткізу мерзімі: 1-31 наурыз 2021 жыл.

Талданатын кезең: 01.01.2018ж. - 31.12.2020ж.

Заңды мекен-жайы: БҚО, Орал қаласы, Н.Назарбаев даңғылы, 188.

Басқарма басшысы – Асылұлан Тұрсынұлы Досжанов, БҚО әкімі 28.09.2020ж. №237-Ө өкімімен тағайындалған.

 

І. НОРМАТИВТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕРДЕГІ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ТӘУЕКЕЛДЕРІН АНЫҚТАУ

 

Маманның/инспектордың дискрециялық құзіреттілігі

 

Басқарма өз қызметінде «Еңбек» және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстерін және басқа да заңдар мен нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алады.

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 94-бабына сәйкес жұмыс берушінің Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген өндірістік объектілерді еңбек жағдайларының жай-күйі бойынша аттестаттауды жүргізу жөніндегі заңнама талаптарын бұзуы ескерту жасауға немесе шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – жиырма, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – отыз бес, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

Мысалы, Басқарма 2019 жылы  «KKS-SICIM» («ККС-СИЧИМ») ЖШС, «Орал» халықаралық әуежайы» ЖШС, 2020 жылы «Алтындар» ЖШС-не ескерту түріндегі әкімшілік жазалар қолданған.

Бұл жерде инспектор өз қалауы бойынша ескерту немесе айыппұл салуы мүмкін. Яғни, нақты қандай жағдайларды ескерту берілетіні туралы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінде көрсетілмеген.

Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелі туралы Басқарма өзі жүргізген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау туралы талдамалық анықтамасында көрсетіп, БҚО әкімі аппаратына жолдаған.

Талдау көрсеткендей, еңбек заңнамасының сақталуы бойынша «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінде әкімшілік шаралар қабылдау бойынша 15 бап қарастырылған, оның біреуі күшін жойған. Жалпы 11 жағдайда «ескерту» және 43 «айыппұл» салу түріндегі әкімшілік жазалар қарастырылған.

Ұсыныс. Кодекске заңнама талаптарын бірінші рет бұзған жағдайда ескерту беріледі деген өзгерістерді 94-бапқа енгізу туралы Министрліктің тиісті комитетіне ұсыныс беру.

 

Басқарманың орналасқан мекен-жайының Ережемен сәйкес келмеуі

Басқарманың ережесінің интернет-ресурста орналасуын қарау кезінде қазақша нұсқасында 2014 жылғы ескі нұсқасы орналастырылғаны анықталды. Бұл жердегі функциялар 2020 жылы өзгертілген болатын.

Сонымен қатар, Басқарманың ережесінде ескі мекен-жайлар, яғни қазақша нұсқасында Сарайшық 44/2 және орысша нұсқасында Достық-Дружба даңғылы 188 деп көрсетілген.

Басқарманың ережесі www.gov.kz интернет-ресурсында орналастырылғанын ескере отырып, қызмет алушылар аталған функциялар бойынша жүгінуі мүмкін. Бірақ, бұл функциялар Басқарманың қызметіне кірмегендіктен өтініш қанағаттандырусыз қалады немесе қызметкер функцияға кірмейтін қызмет бойынша қызмет көрсетуі мүмкін.

Аталған мәселе функцияға жатпайтын қызмет көрсету сыбайлас жемқорлық тәуекеліне алып келеді.

Сонымен қатар, Басқарманың орналасқан жерін іздеу кезінде де азаматтар үшін қиыншылықтар тудыруы мүмкін.

Ұсыныс.

  1. Басқарманың интернет-ресурсындағы Ереженің ескі қазақша нұсқасын алып тастап, жаңа нұсқасын орналастыру;
  2. Басқарманың орналасқан жері туралы Ережеге өзгерістер енгізу.

 

Құқықтық актілердегі қайшылықтар

 

ҚР Еңбек Кодексіне 04.05.2020 жылы енгізілген өзгерістерге сәйкес, Еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органның құзыретінен «жұмыс берушілердегі еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты адамдардың білімін тексеруді жүргізу» алынып тасталған.

Сонымен қатар, Басқарма ережесіне БҚО әкімдігінің 27.07.2020ж. №175 Қаулысымен енгізілген өзгерістерге сәйкес «жұмыс берушілердегі еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты адамдардың білімін тексеруді жүргізу» функциясы алынып тасталған.

Алайда, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 25 желтоқсандағы №1019 бұйрығымен бекітілген Қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқыту, оларға нұсқама беру және білімдерін тексеру қағидасына сәйкес Басқарма қызметкерлері Емтихан комиссиясының құрамына кіреді.

Сонымен қатар, Еңбек Кодексінің 193-бабына сәйкес Мемлекеттік еңбек инспекторларының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі білімді тексеруге қатысуға құқығы көрсетілген.

Аталған Қаулының Еңбек Кодексіне қайшылығы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудырады.

Ұсыныс:

  1. Аталған қайшылықтарды түсіндіру туралы жоғары тұрған органға хат жолдай отырып, түсіндірме хат алу;
  2. Министрлікке Қағидаға өзгерістер енгізу туралы ұсыныс хат жолдау.

 

Дискрециялық құзіреттілік

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 25 желтоқсандағы №1019 бұйрығымен бекітілген Қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқыту, оларға нұсқама беру және білімдерін тексеру қағидасының 28-тармағына сәйкес Емтихан комиссиясы төрағадан және комиссия мүшелерінен тұрады. Емтихан комиссиясының құрамына оқу орталығының басшысы, мемлекеттік қадағалау және бақылау органдарының мамандары (келісу бойынша), жұмыскерлердің өкілі, сондай-ақ Қағидалардың 23-тармағында аталған мамандардың ішінен адамдар кіреді.

23 тармақ – Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі оқу бағдарламалары мен жауапты жұмыскерлерге арналған тақырыптық жоспарды оқу орталығы бекітеді, олар ұйымның ерекшелігін ескере отырып, экономиканың салаларына теориялық оқытуды көздейді және еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті органмен келісіледі.

2020 жылы 1923 адам емтихан тапсырған. Алайда, олардың емтиханды тапсыра алмай қалғандығы туралы ақпарат жоқ. Жалпы емтихандардан 100% сүрінбей өтуі сыбайлас жемқорлық тәуекелін тудырады. 2020 жылы Басқармада қызмет атқарған жауапты мамандардың жұмыстан шығып кетуіне байланысты түсіндірме алу мүмкін болмады.

Басқарманың excel-де жүргізген есебіне сәйкес А.Башенов («Рауан Налко» ЖШС бөлім басшысы, Саппорт Тренинг КЗ оқу орталығында оқыған) және Р.Ермековке («Ship Catering Supply» ЖШС супервайзері, Алим оқу орталығында оқыған) берілген сертификаттар нөмірі көрсетілмеген. Біріншісіне Басқарманың қызметкері Е.С.Сиражев, екіншісіне Г.Б.Изимбергенова қатысқан.

Басқарма жүргізген сертификаттарды нөмірлеу бойынша excel-де 1785 (2020 жылдың 19-24 қараша аралығы). Мамандардың түсіндірмесіне сәйкес бұл компьютерден кеткен механикалық ақаулар.

2021 жылдың 1 қаңтар – 25 наурыз аралығында 390 адам емтихан тапсырып, 5-і өтпей қалған.

2020 жылы 168 адам және 2021 жылы 23 адам емтихан тапсыру кезінде Басқарма қызметкерлері қатыспаған. Сонымен қатар, 2020 жылы 31 адамның емтихандарына кім қатысқаны туралы ақпарат көрсетілмеген.

Бұл жағдайды Басқарма қызметкерлері Қағиданың 28-тармағына сәйкес келісім бойынша қатысады деп көрсетілген, яғни міндетті деген жоқ деп түсіндірді.

Яғни, Басқарма қызметкерлерінің емтихандарға келісім бойынша қатысуы дискрециялық құзіреттілік түріндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелін туғызады.

Берілген сертификаттарға Басқарма тарапынан нөмірлер беріліп отырады. Алайда, бұл Қағидамен регламенттелмеген.

Оқу орталықтары бизнес өкілдері болғандықтан олардың қызметтерін барып талдау мүмкін болмады. Басқарма қызметкерлерінің түсіндірмесіне сәйкес барлығында емтихандарды қабылдау компьютер арқылы жүргізіледі. Тек «ЮнАнИл» ЖШС ғана емтихан қабылдау қағаз түрінде жүргізіледі. Ал, оқу орындарындағы бейнекамералардың жұмыс істеп тұрғаны және олардың 6 ай бойы сақталуы жөнінде түсіндіріп бере алмады, өйткені бұл Басқарма қызметкерлер құзіретіне кірмейді.

Ұсыныс.

  1. Емтихандарды өткізуді Ұлттық тестілеу орталығына немесе «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ мамандандырылған ХҚКО беру туралы жоғары тұрған органға ұсыныс хат жолдау;
  2. Емтихандарды қабылдауды жоғарыда аталған ұйымдарға бергенге дейін, инспекторлардың емтиханға қатысуын регламенттейтін Ереже қабылдау;
  3. Емтихандарды қабылдауды жоғарыда аталған ұйымдарға бергенге дейін, инспекторлардың емтиханға қатысуын міндетті түрде бейнетіркегіштерге жазу;
  4. Сертификаттар нөмірін беруге жауапты тұлғаны Бұйрықпен бекіту.

 

Бейнетіркегіштерді қолданудың регламенттелмеуі

Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексінің 154-бабына сәйкес Мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарының тексерiлетiн субъектiлерге бақылау және қадағалау жүргiзу кезiнде аудио-, фото- және бейнетүсірілім жүргізуге құқығы бар.

Тікелей байланыстағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаменті барлық тексеруші органдарға қызметкерлерін бейнетіркегіштермен қамтамасыз ету туралы ұсыныс хат жолдаған болатын.

Басқарма тексеру немесе бақылау кезіндегі туындауы мүмкін даулардың алдын алу және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою мақсатында қызметкерлерін бейнетіркегіштермен қамтамасыз еткен.

Бейнетіркегіштерді қолдану бұл объективті шындықты білу үшін болып жатқан іс-қимылдарды, оқиғаларды, фактілерді белгілеу мақсатында техникалық құралдарды пайдалануды білдіреді.

Талдау кезінде бейнетіркегіштерді қолдану және ондағы бейнежазбалардың сақталуы туралы регламенттеуші актінің Басқармада жоқтығы анықталды.

Басқарма қызметкерлері субъектілерге бару арқылы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптардың сақталуын мемлекеттік бақылау (профилактикалық бақылау, жоспарлы және жоспардан тыс тексеру), жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру қызметтерін атқарады.

Алайда, субъектілерге барып тергеп-тексеру кезінде бейнетіркегіштер өз қалауларынша қолданады және бейнежазбалар әр қызметкерлердің өз жұмыс компьютерлерінде ғана сақталған.

Ұсыныс:

  1. Бейнетіркегіштерді қолдану, ондағы бейнежазбалардың түпнұсқасы мен көшірмелерін сақталуы бойынша Ереже дайындап, бекіту;
  2. Бейнежазбалардың сақталуына (кемінде 6 ай сақтау туралы, 2015 жылғы 25 желтоқсандағы №1019 бұйрығымен бекітілген Қағиданың 29-тармағына ұқсас) жауапты тұлғаны бекіту.

 

ІІ.ҰЙЫМДАСТЫРУШЫЛЫҚ-БАСҚАРУШЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТІНДЕ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ТӘУЕКЕЛЕРІН АНЫҚТАУ

 

  1. ПЕРСОНАЛДЫ БАСҚАРУ ТИІМДІЛІГІ

 

Басқармада 17 мемлекеттік қызметкер және 12 азаматтық қызметкер жұмыс жасайды.

Мемлекеттік қызметкерлер бойынша: Басқарма басшысы – 1, оның орынбасары – 1, бөлім басшысы – 3, бас маман – 10, вакансия – 2.

Азаматтық қызметкерлер бойынша: іс-жүргізуші – 1, жүргізуші – 3, күзетші – 4, вахтер – 1, кіші қызметкер – 1, программист – 1, слесарь-сантехник – 1.

Қызметкердің негізсіз басқа елді-мекенде болуы

Сыртқы талдау жүргізу кезінде Басқарманың бас маманы Е.С.Сиражевтің Бөрлі ауданы Ақсай қаласында қызмет жасап жүргені анықталды.  Е.С.Сиражевтің Бөрлі ауданына жауапты етіп бекіту немесе іссапарға жіберу туралы 2018-2021 жылдар аралығына бұйрық тіркелмеген.

Сонымен қатар, Басқарманың Ережесінде Бөрлі ауданы Ақсай қаласында өкілдігі, филиалы, бөлімшесі бар туралы ақпарат жоқ. Сәйкесінше, Е.С.Сиражевтің Бөрлі ауданында ұзақ уақыт бойы қызмет етіп жүруі қолданыстағы заң талаптарына сәйкес келмейді.

Басқарма қызметкерлерінің түсіндіруі бойынша Бөрлі ауданында үлкен кәсіпорындар көп болуына байланысты Е.С.Сиражев сол жақта қызмет жасап жүр және ол Бөрлі ауданы әкімдігінің ғимаратында отырады. Алайда, Бөрлі ауданы әкімдігіндегі қызметкерлерден телефон арқылы сұрау кезінде оның жұмыста тек анда-санда болатындығы анықталды. Бұл жағдайды оның тексерісте жүретіндігімен түсіндірді.

Е.С.Сиражевтің қызметтік жазбасына сәйкес 2015 жылдан бері қызмет ету орны Орал қаласы деп көрсетілген. Алайда, оның сол жылдардан бері Ақсай қаласында болуы бір мекемелерді бір қызметкердің тексеруі түріндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелін туғызады.

Ұсыныс.

  1. Е.С.Сиражевтің ұзақ уақыт бойы Бөрлі ауданы Ақсай қаласында болуы бойынша қызметтік тексеріс жүргізу;
  2. Бөрлі ауданында жауапты бір қызметкер қажеттілігі дәлелденген жағдайда Басқарманың ережесіне өзгерістер енгізу немесе жауапты қызметкерді бұйрықпен іс-сапарға жіберу;

 

Қолданыстағы заңнама талаптарын сақтамау

Басқарманың Ережесіне (БҚО әкімдігінің 21.12.2017ж. №320 қаулысымен бекітілген) сәйкес мекеме басшысын заңнамада белгіленген тәртіппен БҚО әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

Мекеменің бірінші басшысы жұмыста болмаған кезде оның өкілеттіліктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.

БҚО әкімінің 18.02.2020 №47-Ө бекітілген Басқарма басшысының лауазымдық нұсқаулығына сәйкес Басшы уақытша болмаған кезде оның өкілеттіліктерін орындауды қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

Бұл орайда, Басқарма басшысы орны бос болған кезде облыс әкімі уақытша міндетін атқарушыны қояды, ал Басқарма басшысы іс-сапар немесе сырқат болған кездерде өз орнына міндетін атқарушыны жүктейді.

Алайда, Басқарма басшысының орынбасары 10.03.20ж. №42 бұйрықпен өзіне Басқарма басшысы міндетін уақытша атқаруды жүктеп алған. Негіздемеге Басқарма басшының еңбекке уақытша жарамсыздық парағын алған.

БҚО әкімі аппаратының Персоналды басқару қызметімен телефонмен сөйлесу кезінде Басқарма басшысы сырқаттанып қалған жағдайда өзі бұйрық шығарып кету қажет деді, ондай мүмкін болмаған жағдайда Басқарма басшысын міндетін атқару облыс әкімі аппаратымен келісу қажет.

Басқарма басшысының орынбасары Басқарма басшысы міндетін уақытша атқара отырып 17.03.20ж. №51 бұйрықпен бас маманды жұмыстан шығарып, 18.03.20ж. №52 бұйрықпен конкурстық комиссия хаттамасына негізінде маманды жұмысқа қабылдаған.

Сонымен қатар, 18.03.20ж. №53 және №54 бұйрықтармен мекеме қызметкерлері біржолғы ақшалай сыйақымен көтермеленген.

Ал, Басқарма басшысы орынбасарының лауазымдық нұсқаулығына сәйкес, ол тек Заңнамада белгіленген тәртіппен мекеме қызметкерлерін ынталандыру, материалдық көмек көрсету, оларға тәртіптік жаза қолдану мәселелерін басшыға ұсына алады.

Басқарма басшысы орынбасарының лауазымдық нұсқаулығын қарау кезінде оны алмастыратын қызметкердің көрсетілмегені анықталды.

Осыған қарамастан, 10.06.20ж. №87 бұйрықпен басқарма басшысы орынбасары уақытша міндетін атқару 10-12 маусым аралығында Басқарманың бас маманы Т.А.Асылбековке жүктелген.

Қолданыстағы заңнама талаптарын сақтамау өз еркімен шешім қабылдау түріндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне алып келеді.

Ұсыныс.

  1. 2020 жылғы №53 және №54 бұйрықтармен мекеме қызметкерлері біржолғы ақшалай сыйақымен көтермелеу заңдылығын тексеру үшін БҚО әкімі аппаратының ішкі аудит қызметіне жолдау;
  2. Басқарма басшысы орынбасарының лауазымдық нұсқаулығына уақытша болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға енгізу туралы өзгерістер енгізу және барлық қызметкерлерді лауазымдық нұсқаулықтарымен жазбалай түрінде таныстыру.

 

Бұйрық шығару кезінде талаптардың толық сақталмауы

Басқармамен шығарылған бұйрықтарды қарау кезінде қызметкерлердің еңбек демалысына шығу, жалақысы сақталмайтын демалыс алу бойынша өтініштері жоқ екендігін анықталды.

Мысалы, Басқарма басшысының 22.04.19ж. №59ЖҚ бұйрығымен автокөлік жүргізушісі Е.Б.Ешовке 5 күнге жалақысы сақталмайтын демалыс берілген. Алайда, оның 5 күнге жалақысы сақталмайтын демалысқа жіберу туралы өтініші тіркелмеген. Тек, 30.04.19ж. мерзімімен жұмыстан шығару туралы өтініші тіркелген.

Мұндай жағдай, 22.10.19ж. №191 ЖҚ бұйрығымен шығарылған бас маман М.Қ.Айдаровтың жағдайында да қайталанады. Яғни, оған 2 күн мерзімінде жалақысы сақталмайтын демалыс берілген. М.Қ.Айдаровтың жалақысы сақталмайтын демалысқа жіберу туралы өтініші тіркелмеген.

Бұл өз кезегінде автокөлік жүргізушісі мен бас маманның негізсіз жұмысқа шықпай қалып, оны мекеме басшысы жасырып қалуы мүмкін түріндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелін тудырады.

Аталған қызметкерлердің жұмыстан шығып кетуіне байланысты түсіндірме алу мүмкін болмады.

Ұсыныс.

  1. 2021 жылғы 1-тоқсаны бойынша еңбек демалыстарын беру кезінде қолданыстағы заң талаптарының сақталуына талдау жүргізіп, жоғарыда аталған мән-жайлар бойынша қызметтік тексеру жүргізу және нәтижесімен шаралар қабылдау.

 

Тәртіптік жазаларды мерзімінен бұрын алып тастау

Мамандарды қызметте ұстап тұру мақсатында үнемделген бюджет қаражат есебінен сыйақылар беріледі. Көтермелеу үнемделген қаражат көлемі мен атқарылған қызметтер негізінде жүргізіледі. Алайда, нақты қандай ауқымды жұмыстар атқарғандығы туралы ақпарат іске тігілмеген.

Сонымен қатар, екі рет көтермелеу белгілері бар. Мысалы, 19.09.2019ж. Басқарманың №170-ЖҚ бұйрығымен бөлім басшысы Б.Ж.Абилов және басқарма басшысының орынбасары А.У.Туйгинбетовтен ескерту түріндегі тәртіптік жазалары мерзімінен бұрын алынып, 25.09.2019ж. №173-ЖҚ бұйрығымен ақшалай сыйақы беріледі.

2020 жылы 13.08.20ж. №113ЖҚ бұйрығымен бас маман Г.Б.Изимбергеноваға «ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолданып, 11.12.20ж. №167 ЖҚ бұйрығымен  тәртіптік жазасы мерзімінен бұрын алынып, 24.12.20ж. №173-ЖҚ бұйрығымен ақшалай сыйақы беріледі.

Яғни, ақшалай сыйақымен көтермелеу қарсаңында мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік жазалар мерзімінен бұрын алынып, кейін ақшалай түріндегі сыйақымен көтермеленеді.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №152 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану Қағидаларының 82-тармағына сәйкес, Егер мемлекеттік әкімшілік қызметшi жаңа тәртіптік терiс қылық жасамаса және бұл ретте өзiн адал қызметкер ретiнде көрсетсе, тәртіптік жаза алты ай өткенге дейiн алып тасталуы мүмкiн.

Еңбек кодексі талаптары мен өзіңе жүктелген міндеттерді дұрыс атқармауы, бір айда екі рет көтермеленуі бюджет қаражаттарын тиімді пайдаланбау және заң талаптарын сақтамау сыбайлас жемқорлық тәукелдеріне алып келеді.

Сонымен қатар, 25.09.2019ж. №173-ЖҚ бұйрығымен ақшалай сыйақы 15 мемлекеттік қызметші алып, оның 11-ы 70 мың теңге көлемінде алса, 4-і 177 мың теңге көлемінде алған. Оның ішінде 6 күн бұрын мерзімінен бұрын тәртіптік жазасы алынған Б.Ж.Абилов та бар.

Ақшалай сыйақы беру кезінде әртүрлі көлемде көтермелеу фактілері бірнеше рет қайталанады. Қызметтік жазбаларды олардың еңбек демалысында болған әріптестер үшін жасаған жұмыстары негізінде көтермелеу деп көрсетілген. Алайда, нақты кімді алмастырғаны туралы қызметтік жазбада көрсетілмеген.

Ұсыныс.

  1. Тәртіптік жазаны мерзімімен бұрын алып тастау тәжірибесін тоқтату, тек ерекше көрсеткіштерге қол жеткізген жағдайларда ғана және нақты кімді алмастырғаны, нақты қандай қосымша жұмыстар атқарғанын қызметтік жазбада көрсете отырып тәртіптік жазаны алу.

 

Қосымша ақы төлеу мәселелері

19.06.19ж. Басқарманың  №168ЖҚ бұйрығымен қаржы, кадр және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің бас маман (Ж.К.Ерзаков) кезекті ақылы демалысқа жіберіліп, оның лауазымын қоса атқарғаны үшін осы бөлімнің басшысына (Б.Ж.Абилов) лауазымдық жалақысына 50% көлемінде қосымша ақы төленген.

16.07.20ж. Басқарманың №100 бұйрығымен қаржы, кадр және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің бас маман (Г.С.Рыскалиева) кезекті ақылы демалысқа жіберіліп, оның лауазымын қоса атқарғаны үшін осы бөлімнің басшысына (Ж.К.Ерзаков) лауазымдық жалақысына 50% көлемінде қосымша ақы төленген.

25.09.19ж. Басқарманың №173ЖҚ бұйрығымен мемлекеттік қызметшілер көтермеленген. Осы жерде басқарма басшысы орынбасарының у.м.а. А.Ж.Батыровтың қызметтік жазбасы негізінде қосымша жұмыстар (ақпараттық қауіпсіздік т.б.) атқарғаны үшін бөлім басшысы Б.Ж.Абиловке үстеме ақшалай көтермелеу жасалған.  

Басқарма қызметкерлерінің ауызша берген түсіндірмесіне сәйкес, бірінші жағдайда бас маман бухгалтер қызмет, екінші жағдайда кадр қызметтерін атқарған. Бұл міндеттер бөлім басшысы лауазымдық нұсқаулықтарында жоқ болуына байланысты қосымша ақы төленген.

Алайда, 10.01.20ж. Басқарманың №3 бұйрығымен бекітілген қаржы, кадр және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің лауазымдық нұсқаулығына сәйкес бөлім басшысы бөлім жұмысына басшылық жасап, ұйымдастыру міндеттері жүктелген.

Басқарманың 05.08.2019ж. №139-ЖҚ Бұйрығымен бас маман А.Б.Сүндетоваға еңбек қауіпсіздігін бақылау және еңбекті қорғау бөлімі басшысының міндеттерін атқару жүктеліп, жалақысына 30% көлемінде қосымша ақы төленген.

Яғни, қосымша ақы төлеу пайызы әртүрлі белгіленген.

Қосымша жұмыстары үшін бірнеше көтермеленуі және әртүрлі пайызда белгіленуі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудырады.

Ұсыныс.

  1. Қосымша ақы төлеу пайызын реттеу бойынша бағалау көрсетіштері туралы ішкі нұсқаулық бекіту және белгіленген жалақы пайызын қызметтік жазбада жан-жақты негіздеу тәжірибесін енгізу.

 

  1. МҮДДЕЛЕР ҚАҚТЫҒЫСЫ

Талдау барысында Басқарма қызметкерлері арасында мүдделер қақтығысы фактілері анықталмады.

Алайда, Басқармадағы құжаттарды қарау кезінде бұрын қызмет жасап кеткен қызметкердің (Е.Кыдыров) оқу орталығында емтихан жүргізіліп, оған бұрыңғы әріптесі (Г.Б.Изимбергенова) комиссия мүшесі ретінде қатысқаны анықталды (Емтихандар 20.11.20ж. және 11.12.20ж. күндері өткен).

Е.Ш.Кдыров – 2014-2019 жылдар аралығында Басқармада қызмет жасаса, Г.Б.Изимбергенова – 2017-2021 жылдар аралығында қызмет атқарды.

Бұл өз кезегінде бұрыңғы әріптестер арасында ықыластық туындап, сыбайлас жемқорлық тәуекелін туғызады.

Интернет желісіндегі ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің салық төлеушілер базасын қарау кезінде Е.Ш.Кдыровтың атына жеке кәсіпкерлік тіркелмегендігі анықталды. Ал, Г.Б.Изимбергенованың наурыз айының басында мемлекеттік қызметтен кетіп қалуына байланысты түсіндірме алу мүмкін болмады.

Басқармадағы қызметкерлердің түсіндірмесіне сәйкес ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институтының БҚО филиалы директоры  Е.Ш.Кдыров болып табылады, мүмкін мекеме аты орнына директор фамилиясы жазылған болуы мүмкін.

  Ұсыныс.

  • Инспекторлардың емтиханға қатысу кезінде міндетті түрде бейнетіркегіштерді қолдану туралы бұйрық шығару;
  • Әр емтиханға бару алдында мүдделер қақтығыс тәуекелдері туралы алдын ала хабарлау бойынша және жемқорлыққа қарсы шектеулерді жеткізу мақсатында олармен жазбаша танысу тәжірибесін енгізу.

 

 

3.МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕР КӨРСЕТУ

 

Басқармамен мемлекеттік қызметтер көрсетілмейді.

Басқарма Еңбек Кодексінің 17-бабына сәйкес жұмыс берушілер ұсынған ұжымдық шарттарға мониторингті жүргізеді.

Жұмыс берушілердің өкілдері тікелей Басқармаға келу арқылы ұжымдық шарттарды алып келеді. Басқарманың жауапты қызметкерлері ұжымдық шарттарды қарап, қолданыстағы заңнамаға сәйкестігін қарайды. Қажет болған жағдайда өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.

Жалпы 2020 жылдың қорытындысы бойынша Басқармада 1671 ұжымдық шарт тіркелген. Оның ішінде, 2020 жылы  – 372, 2019 жылы – 434 шарт мониторингіленген.

Алайда, ұжымдық шарттарды мониторингілеу қандай да бір нұсқаулықпен реттелмеген. Сонымен қатар, жұмыс берушілердің өкілдерінің Басқармаға келу тікелей байланыс түріндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелін тудырады.

Мысалы, жауапты қызметкер орнында болмай қалған кезде ауданнан келген жұмыс берушілердің өкілдерінің қайта келуіне немесе күтіп отыруына тура келеді.

Ұсыныс.

  1. Ұжымдық шарттарды мониторингілеу тәртібі туралы (қарау мерзімдері, талаптар т.с.с.) нұсқаулық бекіту;
  2. Ұжымдық шарттарды мониторингілеуді электронды түрде жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыру.

 

  1. БАҚЫЛАУ ФУНКЦИЯЛАРЫН ІСКЕ АСЫРУ

 

Еңбек заңнамасы сақталуының тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары мен тексеру парақтары ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 25.12.2015ж. №1022 және ҚР Ұлттық экономика министрінің 28.12.2015ж. №801 бірлескен бұйрығымен бекітілген.

2020 жылы (2019 жыл) кәсіпорындар мен ұйымдарда барлығы 105 (296) тексеріс жүргізілді. Соның ішінде 103 жоспардан тыс және 2 профилактикалық бақылау мен қадағалау (284 жоспардан тыс тексерулер және 12 профилактикалық бақылау мен қадағалау).

Жүргізілген тексерулердің барысында 118 (505) заң бұзушылық анықталды, олардың 97 (468), немесе 82,20% (92,67%) жойылды.

Анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы 78 (358) нұсқама берілді. Заң бұзушылықтарға жол бергендері үшін 23 (78) тұлға әкімшілік жауапқа тартылып, 3,2 (9,1) млн. теңге айыппұл салынды және 3 (29) ескерту берілді.

Өндірістегі жазатайым оқиғаларға 89 (67) арнайы тексеру жүргізілді.

Мемлекеттік еңбек инспектор талабы бойынша жұмыс берушілермен 169 (520) лауазымды адам жұмыстан шеттетілді. Құқық қорғау органдарына 89 (57) материалдар жолданды.

Басқармамен әкімшілік істерді электронды түрде және құқық бұзушылық орын алған жерде толтыру үшін 5 планшет сатып алынған.

Алайда, күні бүгінге тексеру субьектілері мен обьектілерінің бірыңғай тізілімі ақпараттық жүйесіне қосылмағандықтан планшеттер қолданылмауда. Тек бір планшет қана Басқарманың әлеуметтік желідегі жұмысына қолданылады.

Ұсыныс:

  1. Планшеттерді тексеру субьектілері мен обьектілерінің бірыңғай тізілімі ақпараттық жүйесіне қосу туралы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің БҚО бойынша басқармасына хат жолдау.
  2. Планшеттердің мақсатты қолданылуына жауапты лауазымды тұлғаны бекіту.

 

  1. СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ТӘУЕКЕЛДЕРІН СЫРТҚЫ ТАЛДАУ ОБЪЕКТІСІНІҢ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫЛЫҚ-БАСҚАРУШЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТІНЕН ТУЫНДАЙТЫН ӨЗГЕ ДЕ МӘСЕЛЕЛЕР

 

Батыс Қазақстан облысының еңбек инспекциясы бойынша басқармасымен 2020 жылдың (2019ж.) өткен мерзімінде 743 (859) арыз-шағымдар мен өтініштер қаралды. Олардың ішінде:

Еңбек қатынастары бойынша – 701 (828);

Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 42 (30);

Халықты жұмыспен қамту бойынша – 0 (1) арыз-шағымдар мен өтініштер.

2019 жылы Басқармаға Тасқала ауданы тұрғыны А.Утегеннен еңбек заңнамасының сақталмауы бойынша арызы келіп түскен. Басқарма өтініш иесіне арызда ЖСН (жеке сәйкестендіру нөмірі) көрсетілмеді деп жауап беру арқылы тексеру жұмыстарын жүргізбеген.

Арызда А.Утегеннің байланыс телефон нөмірлері көрсетілген. Яғни, инспектордың осы байланыс телефоны арқылы немесе оның жұмыс орны (Тасқала ауылдық округі әкімі аппараты) арқылы арыз иесін тауып, ЖСН алу мүмкіндігі болды.

Бұдан басқа, 2020 жылдың 11 мамырында Басқармамен «Сауда-Интер» ЖШС қатысты жоспардан тыс тексеру тағайындалған.

«Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» ҚР Заңының 6-бабына сәйкес өтінішке жеке тұлғаның немесе заңды тұлғаның өкілінің қолы қойылады.

Алайда жоспардан тыс тексеру тағайындауға негіз болған шағымға өтініш берушінің қолы қойылмаған. «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» ҚР Заңына сәйкес иесi бүркемеленген өтiнiш - ол бойынша авторын белгiлеу мүмкiн емес, қолтаңбасы, оның iшiнде электрондық цифрлық қолтаңбасы, арыз берушiнiң почталық мекен-жайы жоқ өтiнiш.

Кәсіпкерлік Кодексінің 144-бабына сәйкес Жоспардан тыс тексерулер анонимдік өтiнiштер болған жағдайларда жүргiзiлмейдi.

Аталғандарды ескере келіп, арыздарды қарау кезінде қолданыстағы заң талаптары сақталмайтын сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар екендігі анықталды.

Ұсыныс:

  1. Арыздардың жан-жақты қаралуын қамтамасыз ете отырып, жоғарыда көрсетілген жағдайға ұқсас арыздарды қабылдау, қарау бойынша нұсқаулық дайындау және қызметкерлерге жазбалай түрде таныстыру;

 

Қызметкерлер тарапынан әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылықтарға жол беру фактілері

Басқарма қызметкерлері тарапынан қызметтен тыс уақытта қолданыстағы заң және құқықтық актілер талаптарын сақтамайтындығы анықталды.

01.01.2018ж. - 01.01.2021ж. аралығында Басқарманың қызметкерлерімен 7 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Оның ішінде, мемлекеттік қызметшімен – 1, азаматтық қызметшілермен  –  6.

Жол ережелерін сақтамау бойынша – 6;

Көші-қон заңнамасын сақтамау – 1.

Сонымен қатар, 2018 жылы Басқарманың бұрыңғы бөлім басшысына қатысты 1 қылмыстық іс қозғалып, Орал қалалық сотымен 600 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, өмір бойы мемлекеттік қызметте жасауға тыйым салынған.

Ол оқу орталығымен бірлесе отырып, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқыту жүргізбей және емтихан қабылдамай-ақ оқығаны туралы сертификаттар беру үшін хаттамаларға қол қойған және әр адам үшін 2000 теңге көлемінде заңсыз сыйақы алған.

Бұл жерде бұрыңғы бөлім басшысы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 25 желтоқсандағы №1019 бұйрығымен бекітілген Қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқыту, оларға нұсқама беру және білімдерін тексеру қағидасының 25-тармағына сәйкес (бұл тармақ 28.08.2020ж. күшін жойды) емтихан комиссиясы төрағасы болған.

Ол осы әрекеттері арқылы Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 366-бабы (пара алу) және 369-бабы (қызметтік жалғандық жасау) бойынша қылмыс жасаған.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің талабына сәйкес мемлекеттік қызметшілер өз тарапынан қоғамдағы адамгершілікке, тәртіпке және қауіпсіздікке қол сұғушылыққа әкелетін заңнама талаптарын бұзуға және басқа азаматтарды құқыққа қарсы, қоғамға жат әрекеттерді жасауға тартуға жол бермеуге тиіс.

Ұсыныс:

  1. Әр тексеріске шығу және емтиханға бару алдында мемлекеттік қызметшілерге қойылатын шектеулермен жазбалай түрде таныстыру.

 

Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау кезінде төмендегі сұрақтар қаралып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталмады. Тиісті құжаттар Департаментте сақтаулы.

Мемлекеттік сатып алу

Басқарма 2020 жылы мемлекеттік сатып алу бойынша жалпы құны 9998699 теңгеге (2019 жыл – 9364279 теңге) 47 шартын (2019 жыл – 57 шарт) жасаған. Оның ішінде 43 шарт (2019 жыл – 53 шарт) тікелей бір көзден сатып алу тәсілі, ал 4 шарт мемлекеттік сатып алу өткізілмеді деп танылған жағдайдағы бір көзден алу тәсілімен жасалған (2019 жылы – 4 шарт баға ұсыныстарын сұрату тәсілі негізінде).

 

Әкімшілік істер және наразылық-талап қою жұмыстары

Басқармамен 2020 жылы  еңбек заңнамасы талаптарын бұзу бойынша 29 әкімшілік хаттама толтырылған (2019 жыл – 158) 3,2 млн теңге (2019 жыл – 10,3 млн теңге) көлемінде айыппұл салынып, 3-і бойынша (2-і – 89 бап, 1 – 94 бап) ескерту берілген (2019 жыл – 29 ескерту).

Сот органдарымен қарау үшін 3 материал (2019 жыл – 48) жолданған. Оның ішінде, 2020 жылы 1-і бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімінің өтіп кетуіне байланысты тоқтатылған. 2019 жылы әкімшілік құқық бұзу құрамы болмауына 29 іс сот органымен қысқартылған (29 әкімшілік іс бір өндіріске біріктірілген).

Сонымен қатар, 2019 жылы Басқарманың инспекторы А.Тажимбетпен «Батыс Су Арнасы» ЖШС қатысты толтырылған әкімшілік хаттамасы Орал қаласының мамандандырылған сотының қаулысымен қысқартылған. Өйткені, инспектор А.Тажимбет толыққанды тексеру жүргізбей, мән-жайды анықтамай, әкімшілік хаттама толтырған.

2020 жылы наурыз айында Басқарма жүргізушісі «Kia Optima» маркалы мемлекеттік тіркеу белгісі 030RK07 автокөлігімен жол-көлік оқиғасын жасап, автокөлік құралдарының иелеріне материалдық шығын келтірілген.

Басқарма теңгеріміндегі автокөлікке келтірілген шығынды көлік жүргізушісінің келісімімен оның жалақысынан ұстап қалуда. Яғни, наразылық-талап қою жұмыстарын сотқа жеткізбей шешкен.

 

ҚР СЖҚІҚА БҚОД превенция және парасаттылық басқармасының басшысы

 

 

Б.М.Хайруллин

ҚР СЖҚІҚА БҚОД превенция және парасаттылық басқармасының бас маманы

 

 

Г.М.Мурзакаева

ҚР СЖҚІҚА БҚОД жедел басқармасының аға офицері

 

 

А.Б.Бижанов

ҚР СЖҚІҚА БҚОД жедел басқармасының аса маңызды істер жөніндегі офицері

 

 

Д.Е.Кенжалиев

БҚО ЕИБ еңбек қатынастарын бақылау бөлімінің басшысы

 

 

Д.Қ.Қалел

БҚО ЕИБ ақпараттық-талдамалық бөлімінің басшысы

 

 

А.Ж.Батыров

БҚО ЕИБ қаржы, кадр және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы

 

 

Ж.Қ.Ерзаков

БҚО ЕИБ еңбек қауіпсіздігін бақылау және еңбекті қорғау бөлімі басшысының м.а.

 

 

Қ.М.Жумагереев

«Ақжайық-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы

 

 

Ә.Ө.Салиева

 

Арнайы мониторингтік тобының басшысы

 

 

В.С.Колпаков

«Nur Otan» партиясы БҚО филиалының партиялық бақылау жөніндегі инспекторы

 

 

А.Б.Сағатов

 

Дата публикации
26 июля 2022