
Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының қолдауымен «Дін мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелерін даярлау және қайта даярлау бойынша жұмыстарды ұйымдастыру» гранттық жобасы аясында «Қазақстан Республикасындағы Лаңкестік және экстремизм мәселелерін зерттеу орталығы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен ағымдағы жылдың 11 тамызында облыстық ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелеріне арналған Zoom бағдарламасы арқылы онлайн оқыту семинары оздырылды.
Іс-шараның мақсаты – халықтың нысаналы топтары арасында ақпараттық-түсіндіру топтары мүшелерінің құзыреттілігі мен әлеуетін арттыру және профилактикалық жұмыста инновациялық тәсілдерді енгізу.
Семинар барысында Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті жанындағы экстремизмнің алдын алу саласындағы мамандарды қайта даярлау институтының директоры, исламтанушы А.Сабдин «Қоғамның дерадикализациясының негізгі мәселелері», Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, PhD доктор Қ.Бағашаров «Ислам – толеранттық пен плюрализмді қолдайды», Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры М.Абзелбаев «Оратордың тіл техникасы», Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің профессоры, «Қазақстан Республикасындағы лаңкестік және экстремизм мәселелерін зерттеу орталығы» қоғамдық қорының президенті К.Бишманов «Жаһандану жағдайында экстремизм мен терроризмге қарсы тұру» тақырыбында дәріс оқыды. Шара соңында қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, пікір алмасты.
Семинар қатысушыларына сертификаттар мен «Дәрістер жинағы», «Көпшілік алдында сөйлеудің негіздері», «Инновационные методы профилактической и адресной работы с целевыми группами» тақырыбында әдістемелік нұсқаулықтар жолданады.