
Батыс Қазақстан облысы дін істері басқармасы Дін мәселелерін зерттеу орталығының ұйымдастыруымен 2022 жылдың 18 қазанында діни бірлестіктердің қатысуымен Рухани келісім мейрамының 30 жылдығына орай «Дінаралық келісім – бейбітшілік кепілі» тақырыбында мерекелік шара өтті.
Шараның мақсаты – діни бірлестіктермен толеранттылық қарым-қатынас орнату, өзара түсіністікке, келісімге және бейбітшілікке бағытталған тұлғааралық, ұлтаралық құндылықтарды қалыптастыруға ықпал ету.
Мерекеге арналған шара шағын футбол ойынынан басталып, концерттік бағдарламамен жалғасты. Футбол алаңында 6 команда арасында ойын өтті. Алғашқы ойын «Жаңа өмір және Жетінші күн адвентистері» және «Орал және Атырау епархиясы» командалары арасында өтті. Ары қарай «Өмір бұлағы», «Орал облыстық орталық мешіті», «Бөрлі аудандық мұсылмандар мешіті» және «Дін істері басқармасы командаларының» арасында өрбіді.
Салтанатты шараны дін істері басқармасының басшысы М.Раманкулов ашты. Батыс Қазақстан облыстық орталық мешітінің наиб имамы А.Асылбеков, «Орал және Атырау епархиясының» өкілі, Орал епархиясының ақпараттық бөлімінің басшысы Д.Дильманаев, «Қасиетті құдай ана қажырлы жәрдем «Рим Католик приходы» филиалының басшысы Л.Немец, «Өмір бұлағы» Христиандық Інжілдік Елуліктер Шіркеуінің» басшысы А.Хорев, «Жаңа Өмір» Евангельдік сенімінің мәсіхшілер Сенушілер қауымының» басшысы Р.Бекбосынов, «Жетінші күн адвентист-христиандарының Тұрғылықты шіркеуінің» басшысы С.Курилов құттықтау сөз сөйледі.
Шара соңында діни өкілдер басшыларына арнайы алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды. Шағын футбол қорытындысы бойынша І орынды «Бөрлі аудандық мұсылмандар мешіті» командасы, II орынды «Орал облыстық орталық мешіті» командасы, III орынды «Жаңа өмір және Жетінші күн адвентистері» командасы иеленіп, жүлделі орын алған командалар алғыс хаттар және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.