Справка по проведению внутреннего анализа коррупционных рисков в государственном учреждении "Управление по делам религий Западно-Казахстанской области"

«Батыс Қазақстан облысы дін істері басқармасы» мемлекеттік мекемесінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу бойынша

АНЫҚТАМА

 

Батыс Қазақстан облысының дін істері басқармасы (әрі қарай-Басқарма) басшысының 2021 жылғы 14 сәуірдегі №14 н/қ бұйрығымен мемлекеттік мекемеде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізілді.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдауды жүргізу кезеңі: 01.01.2018 – 01.01.2021 жж.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау келесідей бағытта жүргізілді:

  1. Басқарманың қызметін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау;
  2. Басқарманың ұйымдастырушылық – бақылаушылық қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау, оның ішінде:

1) персоналды басқару, соның ішінде кадрлардың ауысуы;

2) мүдделер қақтығысын реттеу;

3) мемлекеттік қызмет көрсету;

4) рұқсат беру функцияларын іске асыру;

5) бақылау функцияларын іске асыру;

6) ұйымдастыру – басқару қызметінен туындайтын өзге де мәселелер.

 

  1. Басқарманың қызметін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерде

сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау

 

Талдау барысында Басқарма қызметін нормативтік құқықтық актілер зерделенді.

Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, облыс әкімдігінің қаулыларына, облыс әкімінің шешімдері мен өкімдеріне және өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ Басқарманың Ережесіне сәйкес жүзеге асырады.

Талдау нәтижелері бойынша сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін дискрециялық өкілеттіктер мен нормалар анықталған жоқ.

 

  1. Басқарманың ұйымдастырушылық – бақылаушылық

қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау

 

1) Персоналды басқару, соның ішінде кадрлардың ауысуы:

Кадрларды іріктеу тәртібі регламенттелген және «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған конкурсты өткізу қағидаларына» сәйкес жүзеге асырылады.

2018 жылы – өз қалауы бойынша – 2 адам, еңбек шарты мерзімінің аяқталуына байланысты – 1 адам жұмыстан босатылды. Таза ауысушылық болған жоқ.

2019 жылы – өз қалауы бойынша – 2 адам жұмыстан босатылды. Таза ауысушылық 20%.

2020 жылы – өз қалауы бойынша – 2 адам, басқа мемлекеттік органға қызметке орналасуына байланысты – 1 адам жұмыстан босатылды. Таза ауысушылық 20%.

Мемлекеттік қызметтен теріс себептер бойынша босатылған лауазымды тұлғалар болған жоқ.

Меритократия қағидаттары бойынша тағайындалған мемлекеттік қызметшілер туралы мәліметтер:

2018 жылы – 0;

2019 жылы –1 (басқарманың ішіндегі ауысу);

2020 жылы – 3 (басқарманың ішіндегі ауысу - 2, басқа мемлекеттік органнан ауысу - 1).

Тәртіптік тәжірибе туралы ақпарат:

2018 жылы – 1 лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылды;

2019 жылы – 3 лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылды;

2020 жылы – тәртіптік жазаға тартылған лауазымды тұлғалар жоқ.

2) Мүдделер қақтығысын реттеу

Бос лауазымдарға орналасу, мемлекеттік сатып алуды өткізу және мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде жақын туыстары (ата-аналары/ата-анасы, балалары, бала асырап алушылары, асырап алынған балалары, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері, аталары, әжелері, немерелері немесе жұбайы (зайыбы) атқаратын лауазымға тікелей бағынысты рұқсат беру функцияларын іске асыру кезінде мүдделер қақтығысының болу деректері анықталған жоқ.

3) Мемлекеттік қызмет көрсету

Басқарма 2018 жылы діни қызмет саласында 15 мемлекеттік қызмет көрсетті.

Атап айтқанда:

Миссионерлік қызметті жүзеге асыратын тұлғаларды тіркеуді және қайта тіркеуді жүргізу бойынша – 10;

Ғибадат үйлерін (ғимараттарын) салу және олардың орналасатын жерін айқындау бойынша – 5;

2019 жылы діни қызмет саласында 5 мемлекеттік қызмет көрсетті. Барлығы миссионерлік қызметті жүзеге асыратын тұлғаларды тіркеуді және қайта тіркеуді жүргізу бойынша.

2020 жылы діни қызмет саласында 15 мемлекеттік қызмет көрсетті.

Оның:

Миссионерлік қызметті жүзеге асыратын тұлғаларды тіркеуді және қайта тіркеуді жүргізу бойынша – 6

Ғибадат үйлерін (ғимараттарын) салу және олардың орналасатын жерін айқындау бойынша – 6

Үйлерді (ғимараттарды) ғибадат үйлері (ғимараттары) етіп қайта бейіндеу (функционалдық мақсатын өзгерту) туралы шешім беру бойынша – 3

2018-2020 жылдары арылығында мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту және мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерінің бұзылу дерегі орын алған жоқ.

2019 жылға дейін мемлекеттік қызмет көрсету процесі көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесі арқылы, яғни бетпе бет кездесіп қағаз түрінде көрсетілсе, 2020 жылдан бастап www.egov.kz веб-порталы арқылы іске асуда.

Діни қызмет саласында мемлекеттік қызмет көрсетуде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталмады.

4) Рұқсат беру функцияларын іске асыру

Басқарма Ережеге сәйкес 3 рұқсат беру функциясын жүзеге асырады:

  1. Миссионерлік қызметті жүзеге асыратын тұлғаларды тіркеуді және қайта тіркеу, яғни облыс аумағында миссионерлік қызметпен айналысуға арнайы куәлік бере отырып, рұқсат береді;
  2. Ғибадат үйлерін (ғимараттарын) салу және олардың орналасатын жерін айқындау бойынша облыс әкімдігінің қаулысы шығау арқылы ғибадат үйін салуға рұқсат береді;

Үйлерді (ғимараттарды) ғибадат үйлері (ғимараттары) етіп қайта бейіндеу (функционалдық мақсатын өзгерту) туралы облыс әкімдігінің қаулысымен рұқсат беріледі.

Бұл рұқсат беру функцияларының бизнес-процестері автоматтандырылған. Талдау нәтижесі бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталмады.

5) Бақылау функцияларын іске асыру

Басқармада бақылау функциялары жүзеге асырылмайды.

6) Ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметінен туындайтын өзгеде мәселелер

Басқармаға қатысты мемлекеттік органдардың бұрын жүргізген тексеру нәтижелері:

- 22.02.2018 – 28.03.2018 жж. Батыс Қазақстан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті «Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны» жүзеге асыруға 2013-2017 жылдары аралығында бөлінген бюджет қаражатына аудит жүргізді. Аудит жүргізу нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 4 желтоқсандағы «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң талаптары бұзылғаны анықталды. Мемлекеттік сатып алуларға жауапты тұлғалар жұмыстан шығып кетуіне байланысты тәртіптік жауапкершілікке тартылмады.

- 26.04.2018 – 01.06.2018 жж. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті жеке тұлғаның «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшінің бос орнына орналасуға арналған конкурстың тәртібі мен қорытындысына шағымы негізінде тексеріс жүргізді. Тексеріс нәтижесі бойынша Агенттік төрағасының 21.02.2017 жылғы №40 бұйрығымен бекітілген «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған конкурсты өткізу туралы Қағиданың 21 және 61 тармақтары бұзылған. Конкурсты ұйымдастыруды қамтамасыз етуге жауапты лауазымды тұлға «ескерту» түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

- 03.09.2018 – 14.09.2018 жж. Батыс Қазақстан облысының еңбек инспекциясы бойынша басқармасы жеке тұлғаның заңсыз жұмыстан шығару жөніндегі өтініші негізінде тексеріс жүргізді. Тексеріс нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 25 қарашадағы Еңбек кодексінің 65 бабы 2 тармағының талаптары бұзылғандығы анықталып, алдағы уақытта осыған ұқсас заң бұзушылықтарды болдырмау жөнінде нұсқама берілді.

- 2019 жылы Батыс Қазақстан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті «Зор Рух» Қайырымдылық қорының мемлекеттік сатып алуды өткізу кезіндегі заң бұзышылыққа қатысты шағымы негізінде тексеріс жүргізді. Тексеріс нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы №648 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидасының 233 тармағы бұзылғаны анықталды. Мемлекеттік сатып алуға жауапты лауазымды тұлғаға «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы» ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолданылды.

Бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар.

Талданып отырған кезеңде бұқаралық ақпарат құралдарында Басқарманың қызметі мен оның қызметкерлері туралы жағымсыз жарияланым деректері тіркелген жоқ.

Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау.

Басқармаға 2018 жылы – 18 өтініш келіп түсті. Оның ішінде 17 - дін саласына, 1 - экономика саласына қатысты.

2019 жылы – 27 өтініш. Оның ішінде 25 - дін саласына, 1 - еңбектің жалпы мәселелері бойынша, 1 - техникалық қамтамасыз етуге қатысты.

2020 жылы – 14 өтініш келіп түсті. Оның ішінде 13 - дін саласына, 1 - лауазымды тұлғалардың әрекеті/әрекетсіздігі бойынша (ауылдық округ әкімі аппаратының лауазымды тұлғаларының іс-әрекетіне).

Басқарма қызметінде сыбайлас жемқорлық дерегі бойынша жеке және заңды тұлғалардан өтініштер түскен жоқ.

Барлық өтініштерге заң талаптарына сәйкес дәлелді жауаптар берілді. Қайталама өтініштер болған жоқ.

Түскен өтініштер электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесі арқылы  (ЭҚБЖ) жүргізіледі және ай сайын БҚО құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқармасына есеп беріледі. Басқарманың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында ай сайын өтініштерге талдамалық анықтама жасалып ресми интернет ресурсына жарияланып отырады.

Прокурорлық қадағалау актiлерi

2018-2020 жылдары аралығында Басқармаға прокурорлық қадағалау актілері түскен жоқ.

Сот актілері.

13.04.2018ж. Батыс Қазақстан облысының Орал қалалық сотының үкімімен «Батыс Қазақстан облысының дін істері басқармасы» мемлекеттік мекемесінің басшысы С.Гиззатов Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 3 шілдедегі Қылмыстық кодексінің 28-бабы, 4-бөлігі және 367-бабы, 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды.

Қылмыстың орын алу себептері: Батыс Қазақстан облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті «Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны» жүзеге асыруға 2013-2017 жылдары аралығында бөлінген бюджет қаражатына аудит жүргізді. Аудит жүргізу барысында Басқармаға қарасты «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің қаржы-шаруашылық кызметінде бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда тауарлық материалдық құндылықтарды кіріске алмай есептен шығару және әлеуметтік желілерде ақпараттық материалдарды орналастыру жөніндегі жұмыстардың толық көлемде орындалмағаны үшін төлем жасау. Анықталған кемшіліктерді аудиторлық есепте көрсетпеу үшін пару беру арқылы шешу көзделген. Нәтижесінде БҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен қылмыс үстінде ұсталды.

Оны жою бойынша қабылданған шаралар: Басқарма қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында діни білімі терең теологтарды тарта отырып дөңгелек үстелдер ұйымдастырылуда. Сонымен қатар жұмыс барысында заң бұзушылыққа жол бермеу үшін қызметкерлерді өз салалары бойынша біліктілігін арттыру курстарына үнемі жіберіліп отырады.

Мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормалары мен мінез-құлық қағидаларын сақтау.

Басқарманың қызметкерлерін тоқсан сайын ҚР Бас прокуратурасы жанындағы ҚСжАЕК «Арнайы есепке алу» ақпараттық жүйесі арқылы тексеріліп отырады. Талдау жүргізу кезеңінде Басқарманың мемлекеттік қызметшілері тарапынан әдеп нормалары мен мінез-құлық қағидаларын бұзу деректері анықталған жоқ.

 

Жалпы ұсыныстар:

- Алдағы уақытта жұмыс барысында сыбайлас жемқорлық іс-қимылдарына қарсы саясатты жүзеге асыру мақсатында Басқармада түрлі сауалнамалар жүргізіп, қызметкерлердің мүлдем төзбеушілік ұстанымын күшейту.

- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік саясатының негізгі бағыттарын түсіндіру бойынша дөңгелек үстелдер, кеңестер, жиындар ұйымдастыру.

- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және сыбайлас жемқорлықты болдырмау, алдын алу, мемлекеттік қызметшілердің әдептілік нормаларын және мінез құлық қағидаларын жеткілікті деңгейде түсіндіру бағытындағы жұмыстарын бақылауға алып жалғастыру.

Әкімшілік бөлімінің басшысы-заңгер                               А.А. Тулегенов

 

Діни бірлестіктермен жұмыс

бөлімінің басшысы                                                               А.А. Қаратай

 

Дінтану сараптамасы, мониторинг

және ақпараттық талдау бөлім басшысы                         Д.А. Мукателов

 

Әкімшілік бөлімінің бас маманы-есепшісі                        Г.К.Сулейменова

 

Әкімшілік бөлімінің

бас маманы-кадр маманы                                                       А.Ж. Мендигазиева

 

«Ақниет» қоғамдық қорының

облыстық филиалының жетекшісі                                    И.Ш. Максутов

 

Таныстым:

Басқарма басшысы                                                              М.А.Раманкулов

Дата публикации
20 мая 2021