Бірінші наурызда мерзімді әскери қызметке көктемгі шақыру басталды. 1 шілдеге дейін Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қатарын әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатуға негіздері жоқ, 18 бен 27 жас аралығындағы 600-ден астам ер азамат толықтырады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Батыс Қазақстан облысының қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, подполковник Альберт Бекмұханов хабарлады.
«Жергілікті атқарушы органдарының 13 әскерге шақыру пункттерінде қалалық және аудандық әскерге шақыру комиссиялары өз жұмысын бастайды, оған әкімдердің орынбасарлары басшылық етеді. Әскерге шақырылуға тиісті ер азаматтарды хабардар ету дербес шақырту қағазын жолдау арқылы жүзеге асырылады. Шақырту қағазы олардың тұрғылықты мекенжайына немесе жұмыс орындарына жеткізіледі. Бұл ретте осы процесті автоматтандыру мақсатында әскерге шақырылушыларды SMS-хабарлама жолдау арқылы да хабардар ету жүргізілуде», – деді спикер.
БҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі