Ашық аспан астындағы қауіпсіз әлем

Ашық аспан астындағы қауіпсіз әлем

2022  жыл  «Балалар жылы» аясында кәмелетке толмағандар арасында  заң ұғымдарын насихаттай отырып, жол, су, өрт қауіпсіздіктерінің алдын-алу, құқықтық сауаттылықты қалыптастыру  арқылы қауіпсіздік шараларын үйрету мақсатында ағымдағы жылдың 15 маусым күні Жәңгір саябағында  «Қауіпсіздік әлемі»  атты  мерекелік шара ұйымдастырылды.

Шараның ашылу салтанаты «Назерке» би тобының заманауи биімен басталды. Шара барысында Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары   А.Көшкінбаев пен Бөрлі ауданы ішкі істер бөлімінің бірінші орынбасары А.Макбузов балалардың төтенше жағдайлардың алдын алу, уақыттарын тиімді өткізу және      жазғы демалысқа шығуымен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.

Бағдарлама барысында жас көрермендерге әндер шырқалып, би билеп, қауіпсіздік ережелерінің суреттері көрсетілді. Барлық балалар жұмбақтар мен викторина сұрақтарына жауап беріп, ашық ойындар мен конкурстарға белсенді қатысты. 

Сонымен қатар, саябақта Бөрлі аудандық ішкі істер бөлімі мен төтенше жағдайлар бөлімінің қолдау көрсетуімен балаларға арналған арнайы техника көрмесі ұйымдастырылды. Полиция, жедел жәрдем және өрт сөндіру арнайы машиналары бүлдіршіндердің қызығушылығын оята түсті. Ашық аспан астындағы көрме жеткіншектердің ерекше назарын аудартты.

Шара соңында барлық балаларға тәттілер мен түрлі спорттық құралдар табысталды. Аталған шараның қызықты өтуіне аудандық мәслихат депутаты А.Агаев, «А.Омаров» жеке кәсіпкері мен КПО б.в. компаниясы демеушілік көрсетті.