
9–11 ақпан күндері «Қосымша білім беру қызметіндегі брендинг және маркетинг» тақырыбында семинар-кеңес ұйымдастырылды. Аталған шараға аудандық, қалалық білім беру бөлімдерінің әдіскерлері мен Балалар және жасөспірімдер туризм және экология орталықтарының (Жас туристер станциялары) директорлары қатысты. Семинар барысында Бөрлі ауданының Жас туристер станциясының директоры М.Ж. Хасанов «Жас туристер Vibe: Даму, қозғалыс, шыңға ұмтылу» тақырыбында баяндама жасап, аудан көлемінде туристік-өлкетану бағыты бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Баяндамашы орталықтың жетістіктері, оқушылардың қызығушылығын арттыру бағытындағы бастамалар мен жобалар туралы кеңінен баяндады.
Сонымен қатар, 2025 жылғы туристік-өлкетану қызметінің қорытынды рейтингісі бойынша Бөрлі ауданы білім беру бөлімінің «Жас туристер станциясы» үздік деп танылып, жүлделі I орынға ие болды. Ұжым Білім басқармасының грамотасымен марапатталды.
Бұл — жүйелі еңбектің, кәсібилік пен ұйымшылдықтың айқын нәтижесі.
Бөрлі ауданының білім беру саласы қызметкерлерін және осы жетістікке үлес қосқан барлық мамандарды шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы уақытта да толағай табыстар мен жаңа жетістіктерге жете берулеріңізге тілектеспіз!