Ағымдағы жылдың 21 қаңтар күні Орал қаласының Д.Қонаев атындағы №44 мектеп-гимназиясында ардагер ұстазды құрметтеу, оның білім мен тәрбиедегі еңбегіне алғыс білдіру, жас мамандарға үлгі көрсету мақсатында «ҰЛАҒАТ ҰСТАЗДАН...» тақырыбында кездесу өткізілді.
Ардагер-ұстазбен кездесуге арналған шараға 100-ден астам педагог қатысты. Сондай-ақ облыс әкімдігі аппараты басшысы Нұрділдә Ораз, білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин, ардагер ұстаздар, педагогтер, жас мамандар, ардагер ұстаздың шәкірттері, оқушылар жиналды.
Кездесу барысында ардагер, ұстаз Тлепбергенова Набия Кенжебайқызының ұстаздық өмір жолынан бейнебаян көрсетіліп, ардагерлер мен шәкірттерінің естеліктері мен лебіздері тыңдалды. Ал білім басқармасының басшысы Е.Сафуллинмен бірге «Тригонометриялық теңдеулер мен теңсіздіктерді шешу» тақырыбында өткізілген 15 минуттық сабақ ерекше әсерлі болды. Өз мамандығының кәсіби маман иесі болған ардагер-ұстаздың әлі тың болмысы мен жарқын жадысына жиналғандар тағы бір мәрте тәнті болды. Набия Кенжебайқызы - ұзақ жылдар бойы білім беру саласында елеулі еңбек етіп, шәкірттерінің жүрегінде мәңгілік із қалдырған ардақты ұстаз. Шәкірттеріне 42 жыл білім берген, «Еңбек ері» орденінің, Орал қалалық ардагер кәсіподақ төрағасының «Халық құрметі», «Жаңақала ауданының құрметті Азаматы» төсбелгілерінің иегері. Оның оқушылары лицей директоры, профессор, өз мамандықтарының үздіктері атанған.
Жасы ұлғайғанына қарамастан күні бүгінге дейін немере-жиендерінің математика пәнінен есептеріне көмектесіп, мемлекеттік емтихан, ҰБТ-ға дайындықтарына атсалысады. Бос уақытында немересімен ылғи логикалық, геометрия, алгебра есептерін шығарады. Осының нәтижесінде әжелерінің қанымен дарыған білімге, математикаға деген қызығушылықтарының арқасында барлық баласы мен немере-жиендері жоғары оқу орындарының "грант иегерлері" мен магистранттары" атанған
Жаңақала ауданының Мәстексай ауылындағы 40 жыл бұрын мектеп бітірген шәкірттерімен кездесу барысында тақтаға шығып сабақ беріп тұрған видеосы, барлық әлеуметтік желілерге тарап кеткен ұстаздың математика пәнінен сабақ беру сәті халықтың ыстық ықыласын тудырған болатын.