Мектеп жанындағы үлескелерді тиімді пайдалану – оқушыларды еңбекке баулып қана қоймай, табиғатты танып, өсімдік өсірудің қыр-сырын тәжірибе арқылы меңгеруіне мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыстар Казталов ауданындағы білім беру ұйымдарында жүйелі түрде жүргізілуде.
Талдықұдық ауылындағы Сүлеймен Есетов мектеп- бөбекжай кешені мен Жаңажол жалпы орта білім беретін мектебінде жаз бойы мектеп жанындағы үлескелерде түрлі көкөніс дақылдары өсіріліп, оқушылар оларды суару, күтіп-баптау және өнім жинау жұмыстарына қатысты. Талдықұдық ауылындағы Сүлеймен Есетов мектеп- бөбекжай кешенінде жылыжай да тиімді пайдаланылып, қияр, қызанақ, асқабақ, қызылша, аскөк, баялды, болгар бұрышы мен сәбіз өсірілді. Ал Жаңажол мектебінің үлескесінде асқабақ, қияр, қызанақ, баялды, аскөк, жуа, шалғам, сәбіз және қызылша өсіріліп, жиналған өнімнің бір бөлігі консервіленіп, қысқы сақтауға дайындалды.
Үлескедегі жұмыс оқушылар үшін еңбек пен тәжірибені ұштастыратын маңызды ортаға айналды. Өсімдікті отырғызудан бастап, оны күтіп-баптау мен өнім жинауға дейінгі үдеріске қатысу балалардың жауапкершілігін арттырып, еңбек нәтижесін бағалауға үйретеді.