Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданы Ақсай қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 300 орынға арналған жаңа білім беру ұйымы пайдалануға берілді. Салтанатты ашылу рәсіміне Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин, білім саласының ардагерлері, мердігер ұйым өкілдері, ата-аналар мен оқушылар қатысты. Өңір басшысы құттықтау сөзінде бұл күннің аймақ үшін ерекше мәнге ие екенін атап өтіп, жаңа мектептің Бөрлі ауданында пайдалануға беріліп отырған екінші «Келешек мектебі» екенін жеткізді. Сонымен қатар, аталған жоба апатты мектеп мәселесін шешуге бағытталғанын айтты. 300 орындық жаңа мектеп екі қабатты, жалпы жеті блоктан тұрады және оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай жоспарланған. Мектептің үш блогы бастауыш сынып оқушылары мен мектепалды даярлық тобына арналған. Ал дене шынықтыру-сауықтыру бағытындағы орын-жайлар жеке блокта орналасып, балалардың денсаулығын нығайтуға барлық жағдай жасалған. Ғимараттың екінші қабатында кітапхана, 110 орындық акт залы, хореография залы, мұғалімдер бөлмесі, STEM зертханасы, IT сыныбы және бірнеше коворкинг аймақтары орналасқан. Бұл кеңістіктер оқушылардың шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді. Жаңа мектепте барлығы 28 оқу кабинеті жұмыс істейді, олардың барлығы интерактивті тақталармен толық жабдықталған. Сонымен қатар, бейнелеу өнері, графика және жобалау, дизайн және технология, тамақтану мәдениеті, үй мәдениеті пәндеріне арналған арнайы кабинеттер, екі информатика сыныбы және 110 орындық асхана қарастырылған. Мектеп ауласында балаларға арналған ойын алаңы, футбол және баскетбол алаңдары, сондай-ақ жүгіру жолдары бар спорттық аймақтар салынған. Бұл оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуіне және салауатты өмір салтын қалыптастыруына зор ықпал етеді. Жаңа білім ордасы – жас ұрпақтың жан-жақты дамуына бағытталған маңызды нысан.