
Бүгін Казталов ауданы Қоныс ауылында Білім күні қарсаңында 60 орындық жаңа мектептің салтанатты ашылуы өтті. Бұл мектеп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үш ауысымды және апатты мектептердің санын азайту туралы тапсырмасына сәйкес бой көтерді. Жаңа білім ордасының ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев, «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» бас директорының орынбасары Мұхтар Манкеев, облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин, аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, аудандық мәслихат төрағасы Сарсенбай Молдашев қатысты .
Облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев құттықтау сөз сөйлеп, бұл игі істің мемлекет, бизнес және қоғам арасындағы тиімді серіктестіктің нәтижесі екенін атап өтті.
Жаңа мектеп – *«Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.»* компаниясының әлеуметтік жауапкершілік аясында салынды. Ашылу барысында облыс әкімінің атынан мектепке LED экран табысталды. Ардагер ұстаз Жауһар Сапарғалиева:
— Жаңа мектеп – болашақ ұрпаққа жасалған зор қамқорлық, ел ертеңіне деген жанашырлықтың жарқын көрінісі. Бұл қуанышты сәт тарихымыздың жарқын беттерінің бірі болары сөзсіз, – деп жүрекжарды лебізін жеткізді. Жаңа оқу жылында жаңа мектеп табыс пен жарқын болашақтың бастамасы болсын!