
«Бәйтерек» мәдени-ағарту және тынығу орталығында аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаевтың қатысуымен отбасы күні мерекесіне орай «Отбасы және отбасылық құндылықтар» тақырыбында басқосу өтті.
- Жанұя - жанның жайлы мекені, ыстық ұясы. Адамға еңбекқорлық, отансүйгіштік, жасампаздық пен мейірімділік отбасындағы тәрбие арқылы дариды - деген Ерікқали Ғұмарұлы әр шаңыраққа бақ-береке тіледі. Отбасы құндылықтары туралы келелі әңгіме өрбіген басқосуда аудандық әйелдер кеңесінің мүшелері Мүгілсім Нұржанова мен Гүлнар Әлмұханова, Переметный ауылдық округі келісім кеңесінің төрағасы, еңбек ардагері Николай Анципровичтер пікір білдірді. Аудандық полиция бөлімі, жергілікті полиция қызметі бастығының міндетін атқарушы Азамат Жұмағұлов шаңырағы шайқалған отбасылар жайында әңгімелеп, жанұя шырқын бұзу көрсеткішінің кейінгі жылдары әлдеқайда төмендеп келе жатқандығын жеткізді. Тақырыпқа орай үлгілі жас отбасылар да пікір білдірді. Сондай-ақ қатысушыларға «Сырғалым» қыз-келіншектер клубының атқарған жұмыстары туралы баяндалды.