Құрметті Бәйтерек ауданының тұрғындары мен қонақтары!

Құрметті Бәйтерек ауданының тұрғындары мен қонақтары!
Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!
Наурыз – бұл көктемнің, жаңарудың және бірліктің мейрамы. Бұл күн – халқымыздың салт-дәстүрі мен рухани құндылықтары салтанат құрып, ойдағы және қырдағы ел-жұрт қауышып, көрісіп, көңілден кірбің кететін айрықша сәт.
Биылғы мереке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған Наурызнама тұжырымдамасы аясында аталып өтілуде. Бұл – халқымыздың ынтымағын нығайтып, ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртуға бағытталған маңызды үрдіс. Наурыз тойының мәні мен мазмұнын тереңдетіп, еліміздің рухани және мәдени байлығын ұлықтауға мол мүмкіндік. Көрісу, Амал мерекесінен бастау алатын он күндікте қайырымдылық, тазалық, береке, ынтымақ, жомарттық, шығармашылық сынды адами қасиеттер дәріптеліп, ұлттық спорт пен салт-дәстүрге ден қойылады.
Бәйтерек – өңірімізді ырысы ортаймас алтын қамбасы, әлеуеті зор аудан. Жерлес шаруалармен жиналатын мол өнімі еліміздің ішкі нарығын қамтып, экспортқа да шығарылып келеді.
Көктемнің алғашқы лебімен енген осынау шырайлы мерекеде аудан жұртшылығына береке-бірлігіміз артып, несібеміз тасып, тұрмысымыз алға бассын деген тілегім бар. Табиғат жаңарып, күн мен түн теңелетін осынау шақта айналамыз мейірім мен қуанышқа толы болсын!
Әр шаңыраққа амандық, ынтымақ, құт-береке тілеймін!
Игі тілекпен, Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов