Жыл қорытындысы

Жыл қорытындысы
Жыл қорытындысы
Бәйтерек аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұржан Тоғызбайұлы Дүзбатырдың қорытынды есебін назарларыңызға ұсынамыз
Салада атқарылған жұмыстың бәрі мәдени мұрамызды сақтау, өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында іске асырылып жатыр. Бөлімнің басты миясиясы ұлттық мәдениетті дәріптеу, дәстүрлі ән, күй, биімізді насихаттау, ұлттық және бұқаралық спортты дамыту, ұлтаралық қатынасты нығайту.
Ауданның 85 жылдығына орай өтетін шаралар жоспары жыл басында құрылды. Бөлімге қатысты барлық салада ауқымды жоспар іске асырылуы тиіс болатын. Көктемгі су тасқыны кезінде сәуір, мамыр айларына жоспарланған шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік болған жоқ.
Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі арқылы «Жамылған көк желегін жұмақ мекен» өлкетану клубының ұйымдастыруымен «Туған жерім - тұнған шежіре» тақырыбында округ тұрғындары арасында зияткерлік сайыс ойын оздырылды. Мәдени-демалыс орталығы ауданның 85 жылдығына орай облыстық «Тимбильтур» шарасында өзге аудандардан келген әріптестеріне аудан тарихы, өндіретін өнімі, көрікті табиғаты туралы насихаттады.
2024 жылы ауданда бұқаралық спорт пен қатар ұлттық спортты дамыту мақсатында бірқатар жобалар іске асты. Ауданның 85 жылдығы аясында және Наурыз мерекесіне орай «Шырға тарту» қазақы құмай тазылардың ашық аудандық жарысы өтті. Сондай-ақ садақ тарту, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық атудан ауқымды шаралар ұйымдастырылды.
Аудан әкімінің тікелей басшылығымен Щапов ауылында кітапхана, спорт зал, көрермен залын қамтыған кешен құрылысы аяқтала келді. Көшім және Макаров ауылдарында дәл осындай нысандардың іргетасын құю жұмыстары басталды. Махамбет және Байқоныс ауылдарынан тез құрылмалы (ангар типті) спорт зал құрылысына жер телімі рәсімделді. «Қазақстан халқына» қоры мен облыс әкімдігінің қолдауымен ауданда 5 кітапхана ғимараты қайта жаңғыртылуда. Тәуелсіздік күнінде Дариян және Переметныйда екі кітапхана толықтай жаңғыртылып, қайта ашылды. Енді Үлкен Шаған, Рубежин, Щапов ауылдарында заманауи кітапхана жабдықталатын болады.
Келер жыл бөлім үшін ауқымды жобаларды іске асыратын жыл болғалы тұр. Аты дүйім жұртқа мәлім «Скифы» вокалды-аспапты ансамблінің мерейлі 50 жылдығына орай халықаралық конкурс өткізу жоспарымызда бар. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Жеңіс алауы» ауқымды жобасын іске асырамыз. Облыстық «Асыл ана» көп балалы аналар байқауы да ерекше мәнге ие жоба болары сөзсіз. Облыстық «Ақ бидай» ойындары жалауын көтереді. Айтулы додадан абыроймен шығуды мақсат етеміз. Тұрғындардың жасаған ұсыныстарына сәйкес ономастикалық салада атқарылатын жұмыстар бар.