Ауыл шаруашылығы өндірісінің объектілері мен ауыл тұрғындары өрт қауіпсіздігі ережелерін білуі және сақтауы қажет.

Ауыл шаруашылығы өндірісінің объектілері мен ауыл тұрғындары өрт қауіпсіздігі ережелерін білуі және сақтауы қажет.

Ғимараттар мен құрылыстар арасындағы өртке қарсы бөлiктердi ірі жемшөптердi жинау үшiн пайдалануға болмайды. Оларды осы мақсаттарға арналған жерлерде сақтау кажет. Осы мақсаттар үшін арнайы тұрған құрылыстарды пайдалану жөн деп саналады. Осындай құрылыстар мен ашық сақтау орындарына қойлатын өз талаптары бар.  Өндiрiстiк-шаруашылық кешеннiң аумағындағы iрi жемшөп қоймаларын кебендерден (маялардан) 15 метр қашықтықта, ал бөлек тұрған кебенге (маяға) дейiн кемiнде 5 метр, ені  4 метр жолақпен жыртылған арнайы бөлiнген алаңда орналастыру керек. Бiр кебеннің (маяның) орналасқан ауданы 150 шаршы метрден, ал престелген шөп пен сабанның қатарлары 500 шаршы метрден аспауы тиісi. Шөп пен сабан маяларынан 50 метр жақын жерде ашық отпен жұмыс істеуге болмайды.  Жекеленген қатарлар, бастырмалар мен кебендер (маялар) арасындағы өртке қарсы бөлiктер кемiнде 20 метр болуы қажет. Қатарлар, бастырмалар мен кебендерді (маялар) жұптап орналастыруға болады, бұл ретте олардың арасындағы қашықтықтар бір жұпта кемiнде 6 метр, ал олардың жұптарының арасы кемiнде 30 метр болуы тиіс. Шөп жинау орны топырақ бiлiгiмен және сым қоршаумен қоршалу керек. Таразы шөп жинау орнынан тыс орналастырылады. Кебендерден (маядтардан), ірi жемшөптердiң бастырмалары мен қатарлардан электр беру желiлерiне дейінгі қашықтық кемiнде 15 метр, жолдарға дейiн - 20 метр және ғимараттар мен құрылыстарға дейiн - кемiнде 50 метр болуы тиіс. Жемшөп қоймаларында жұмыс iстейтiн тракторлар мен автомобильдер ұшқын сөндіргіштермен жабдықталады, ал автомобильдерде сөндiргiш бампердiң астынан алдына қарай шығып тұруы қажет. Жемшөптi тiкелей автомобиль шанағына тиеу кезiнде оның қозғалтқышы сөндiрiледi. Шығыңқы құбырлармен, коллекторлармен немесе ажыратқыштармен тiкелей жанасуынан жемшөптiң тұтануын болдырмау үшiн тартқыш тракторлар және түсiру жұмыстарымен айналысып жатқан автомобильдер маяларға 3 метрден кем қашықтыққа жақындауға болмайды. Ылғалдылығы жоғары ірі жемшөпті жинауға, маяларға, қатарлап, қоймаларға салуға болмайды.

Өрт қауіпсіздігі ережелерінің талаптарын сақтаумен қатар, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшылары мен тұрғындар шөп қоймаларына бөгде адамдардың кіруіне және ірі жем-шөп сақтау орындарын бақылау қажеттілігіне назар аударуы керек.

Аудан ауылдарының тұрғындарының назарын мал азығын дайындау кезінде өрт қауіпсіздігі  ережелерін сақтауға аударғымыз келеді. Мал азығын үй жанындағы учаскелерде орналастыруға рұқсат етіледі, бірақ жақын маңдағы ғимараттар мен құрылыстарға (шаруашылық құрылыстары мен құрылыстары, электр берудің әуе желілерінің тіректері және басқалар)  ара қашықтығы 15 метр болуы тиіс.

Оларды көшелерде, жолдарда, үй жанындағы учаскелерден тыс жерлерде орналастыруға жол берілмейді.

 

Бәйтерек ауданың Төтенше жағдайлар бөлімі.