
Бәйтерек ауданында 6 қазанға тағайындалған референдумды ұйымдастыру жұмыстары бойынша әдістемелік түсіндіру жұмыстары жалғасуда.
Бүгін Дариян мәдениет үйінде Январцев, Рубежин, Раздольный, Чиров, Сұлукөл, Құрманғазы, Дариян ауылдық округтері аумағындағы 14 учаскелік референдум комиссияларының барлық мүшелері тәжірибе алмасты. Аудандық аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Радик Ихласов учаскелік референдум комиссияларымен жүргізілетін жұмыстарға тоқталып, пікір алмасты. Сондай-ақ аудандық аумақтық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Бекет Нигметов пен комиссия хатшысы Гүлдана Габдушева дауыс беруге арналған үй-жайларды жабдықтау, мүгедектігі бар азаматтар үшін жағдай жасау туралы түсіндірді. Референдум күні орын алуы мүмкін түрлі жағдайлар барысын саралап, ситуациялық мәселелер бойынша тәжірибе алмасты. Одан әрі комиссия мүшелері біліктілік тестін тапсырды. Осынау әдістемелік семинар алдағы аптада өзге округтерде жалғасатын болады.