
Бәйтерек ауданында «Референдумға тиімді дайындық және өткізу жөніндегі комиссиялар қызметін ұйымдастыру» тақырыбындағы оқыту семинар-кеңесі 19 қыркүйекте Мичурин ауылдық клубында жалғасты. Бәйтерек ауданының аумақтық референдум комиссиясының ұйымдастыруымен өткен семинар-кеңеске аудандағы №164, №206, №207, №208, №209, №210, №211, №212, №213, №215, №217 учаскелік референдум комиссиялары мүшелері шақырылды. Оқыту семинар-кеңесте аудандық АРК төрағасы Р.Ихласов референдумды Заңға сәйкес өткізу талаптары, ҚР «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңға енгізілген өзгерістер, референдум комиссиялары жұмысын ұйымдастыру мен өткізудің негізгі мәселелеріне тоқталды. Одан әрі аудандық АРК хатшысы Г.Ғұбашева дауыс беруге арналған үй-жайларды жабдықтау және тіркеу журналдарын толтыру, мүгедектігі бар азаматтар үшін жағдайлар жасау туралы баяндады. Аудандық АРК төрағасының орынбасары Б.Нығметов азаматтар тізімімен жұмыстану, референдум туралы хабардар ету, дауыс беру күні учаскелік референдум комиссия мүшелері әрекетінің алгоритмі туралы түсіндіріп, референдум күні дауыс беру үдерісіне дайындық, азаматтармен және байқаушылармен өзара іс-әрекеттер бойынша нақты тәжірибе жүзінде талқылады. Семинар-кеңестен кейін УРК мүшелері тестілеуден өтті. Ауданда оқыту семинар-кеңестері ағымдағы жылғы 25 қыркүйекке дейін жалғасады.