2024 жылдың 7 шілде күні сағат 20.00-де Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының амфитеатрында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен, «AQJAIYQ» телеарнасы және облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Ұлттық домбыра күніне орай «Інжу-маржан» тележобасының Гала-концерті оздырылды.
«Інжу-маржан» тележобасы – облыстық халық шығармашылығы орталығы мен «Ақжайық» телеарнасының бірлескен жобасы.
Тележобаға қала, аудан және ауылдан 100-ден аса өнерпаз қатысып, бүгінге дейін 42 тележоба жарық көрді. Алғаш 2022 жылдың қазан айында «Фолк-арт» атауымен, кейіннен «Інжу-маржан» болып өзгертілді.
Гала-концерт «Інжу-маржан» тележобасының телеарналық көрсетілімдерін баяндайтын бейнероликпен басталып, Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің орындауында Түркештің «Көңілашар» күйімен ашылды /Бас дирижері «Құрмет» ордені, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі Еркін Нұрымбетов және Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі Асылхан Қазиев, көркемдік жетекшісі Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері Қайрат Кәкімов/. Одан әрі Батыс Қазақстан облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Мұханғалиев мерекемен құттықтап, концерттік бағдарлама өз жалғасын тапты.
Концерттік бағдарлама ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, дәстүрлі әнші Қатимолла Бердіғалиев, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, дәстүрлі әнші Күләш Қуанышқалиева, ҚР Мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, әнші-термеші Сағадат Рахметжанов, «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Махамбет» атындағы сыйлықтың иегері, «Үкілі домбыра» республикалық байқауларының жеңімпазы, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының Құрметті профессоры, ҚР Күйшілер Одағының мүшесі, күйші Едіге Набиев, ҚР Мәдениет саласының үздігі, күйші Ермак Молдабеков, ҚР Мәдениет саласының үздігі, күйші Жеңіс Өтеуов, халықаралық байқаулардың лауреаты, күйші Асқар Құсайынов, республикалық байқаулардың лауреаты «Алаш» этнофольклорлық ансамблі /жетекшісі Әлібек Қуанышалиев/, “Ерен еңбегі үшін” медалінің иегері, әнші Айбар Хайырханов, «Қазақ мәдениетінің қайраткері» төсбелгісінің иегері, әнші Мұхит Бірәнов, ҚР Мәдениет саласының үздігі, дәстүрлі әнші Мұхамбет Қайырғали, республикалық жыршы-термешілер байқауының лауреаты Сұңғат Жанаев, республикалық домбырашылар байқауының лауреаты Халел Сапаров, сыбызғы аспабында республикалық байқаулардың лауреаты Халиолла Нагиев, қылқобызда республикалық байқаулардың лауреаты Мөлдір Жалмұқанбетова, шертерде республикалық байқаулардың дипломанты Демеу Дияр және термешілер, дәстүрлі әншілер, т.б. өнерпаздар өнер көрсетіп, халық әні «Желкілдек», «Тілеуқабақ, «Нақ-нақ», «Екі алуан, екі асыл зат», «Гүлжансара», Түркеш «Қоңырала», «Байжұма», Құрманғазы «Қайран, шешем», «Төремұрат», «Саранжап», «Сарыарқа», Ғ.Құрманғалиев «Сәлем», «Сүйіктім», «Әнші даусы», «Оралым», С.Мұхамеджанов «Әйтеуір, сол қыз бір сұлу», Тәттімбет «Сылқылдақ», Т.Шәмелов, Қ.Мырза Әлі «Домбыра», Қуат Шілдебаев «Қаракемер», Дәулеткерей «Көроғлы», Абылдың күйі «Абыл», Оқаптың күйі «Адасқан», Ақтан Керейұлы «Жайық деген жанды су», Сыпыра жырау термесі, Н.Тілендиев «Аққу», т.б. шығармалар орындалды.
Концерт соңы күй тартыспен жалғасып, Құрманғазының “Сарыарқа” күйімен аяқталды. Барша өнерпаздарға Батыс Қазақстан облысы әкімі атынан ЫҚЫЛАС ГҮЛІ ұсынылды. Көңілден күміс күй, көмейден жауһар жыр төгілер керемет кеш өтіп, мерекелік отшашумен аяқталды.