Ұлы Жеңістің 79 жылдығына орай Бәйтерек ауданының орталығындағы “Жеңіс” саябағында “Таусылмас тағзым” мерекелік шарасы өтті.
Шараға қатысқан аудан әкімі М.Тоқжанов барша бәйтеректіктерді осынау қасиетті мерекемен құттықтады.
Аудан әкімі өз сөзінде - Бүгін 9 мамыр - Жеңіс күні. Бұл жеңіс күні оңай келген жоқ.
Сондықтан екінші дүниежүзілік соғыс халқымыз үшін ең қасіретті кезең болып тарихта қалады. Отанын қорғап аждаһаның аузынан қайтқан ата-апаларымыздың теңдессіз ерлігі, отаншылдық нәріне суарылған биік парасаты, асқақ адами болмысы бізге мәңгілік өнеге, өмірлік мектеп, ізгілік пен адамгершілік эталоны болып қала береді.
Жылдар жылжып, сол сұрапыл кезеңнен алыстаған сайын, бейбіт күн сыйлаған соғыс ардагерлеріне деген құрметіміздің еселене түсері анық. Өйткені, зымыраған уақытпен бірге аңызға айналып бара жатқан соғыстың ақиқатын айтатын ардагерлеріміздің де қатары тым сиреп барады.” - деп атап өтті.
Шараға қатысқан ауған соғысының ардагерлері, ҰОС ардагерлерінің ұрпақтары, аудандық маслихат депутаттары, мекеме, бөлім ұжымдары, қоғамдық бірлестіктер, тұрғындар мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, Ұлы Отан соғысында қаза болған ардагерлердің рухына тағзым етті. Салтанатты шарада батыр бабалардың қайсарлығы мен батылдығы дәріптелді.