Сіздерді 1 наурыз – Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! Көктемнің алғашқы күні қазақстандықтардың бір-біріне деген ыстық ықыласы мен ризашылығы жүрекжарды сөздермен бастау алатыны қуантады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Бұл мерекеде ұлтымыздың салт-санасында берік қалыптасқан достық, қайырымдылық және ынтымақ сынды мызғымас құндылықтар кеңінен дәріптеледі”, - деп атап өткен болатын.
Жалпы осынау мейрам – тағдыр тәлкегімен Қазақ жеріне қоныс аударған түрлі этнос өкілдерінің құтты қонысына, Отанына айналған қасиетті Қазақстан мен оның халқына деген терең тағзымның белгісі.
Айтулы күн жақсылықты бағалай білуге, әр іске жақсылықпен жауап қайтаруға, өзара сыйластық пен құрметке бастайды. Кең пейілді қазақ халқы қашанда игі іске ризашылығын білдіріп, алғыс айтып отырған. Осындай құндылықтардың қадіріне жете білген елдің қашанда келешегі кемел болары анық.
Ендеше, көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келген еліміздегі тыныштық пен үндестік, өзара сенім мен барша қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған мереке құтты болсын! Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін!