Қымбатты Ауған соғысының ардагерлері!

Қымбатты Ауған соғысының ардагерлері!
Қымбатты Ауған соғысының ардагерлері!
Биыл Кеңес әскерлері шектеулі контингентінің Ауғанстан Демократиялық Республикасынан шығарылғанына 35 жыл толып отыр. Бұл күн — тарихи дата.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Қазақта «Ел – ерлерімен еңселі» деген қанатты сөз бар. Біз – тұтас тарихы, қаһармандық дәстүрі қалыптасқан жұртпыз» деп, ерлік уақыт талғамайтынын, себебі бұл қасиет Отаншылдықтан бастау алатынын баса айтқан болатын.
Иә, Ұлы Отан соғысынан кейінгі ірі қарулы қақтығыс, бұл – Ауған соғысы. Он жылға созылған қанды қырғында есіл ерлердің ерлігі, қаза тапқан жауынгерлер ел жадынан өшпек емес. Кеңес әскерінің құрамында азаматтық борыштарын өтеген қазақстандықтар, соның ішінде ауданымыздың интернационалист-жауынгерлері антқа адал болып, майдан даласында ерен ерліктің үлгісін көрсете білді. Осынау батылдықтық, қайсарлық, ерлік - өскелең ұрпақ үшін өшпес өнеге.
Мемлекет тарапынан ауған ардагерлерін қолдау бағытында түрлі іс-шаралар алынып жатқаны белгілі. Биылғы атаулы күнге орай ауданымызда тұратын 46 интернационалист-жауынгерге 4 миллион 560 мың теңге сомасы көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек жасалды. Оның ішінде: 44 қатысушы мен 1 мүгедектігі бар адамға 4,5 млн теңге сомасында, басқа мемлекеттердің аумағында соғыс қимылдары кезінде жараланып, қайтыс болған 1 әскери қызметкердің отбасына 60 мың теңге жәрдем берілді. Сондай-ақ, аудан әкімдігінің 2024 жылғы 31 қаңтардағы №21 қауласына сәйкес, 46 адамға 4,6 млн теңге сомасында біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді. Сонда 46 адамға берілген төлемнің жалпы сомасы 9 миллион 160 мың теңгені құрады. Осылайша әр ауғандық ардагерге 200 мың теңге көлемінде бір жолғы көмек берілді.
Осынау айтулы күнге орай арамыздағы ауған ардагерлеріне зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасы амандығын, құт-береке тілеймін!
Тәуелсіз еліміздің бейбіт өмірі мәңгілік болып, көк байрағымыз ашық аспан астында желбірей берсін!
Құрметпен, Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов