Ауған жерінен кеткеніне ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де, бұл соғыс майдангерлердің мәңгілік жан-жарасына айналды. Жалындап тұрған жас шағында мыңдаған жас жат елде жан тапсырып, майданнан түрлі жарақатпен оралды. Өкініштісі сол, оқ пен оттың ортасынан аман оралғандардың саны күннен-күнге сиреп барады.
Биыл Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай Красноармейск НОМ мен Красноармейск ауылдық клубы және ауылдық кітапхана қызметкерлерімен дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Елім деп еңбектеніп, ерлік қылған ардагерлерді ұлықтау бүгінгі күннің еншісінде. Ауған соғысы біздің шағын ауылымызға да қатысы болды. Бір отбасынан ағайынды Котовтар Ауған соғысына қатысып, аман-есен елге оралған еді . Олар ағайынды Сергей, Николай, Михаил Котовтар еді. 1984 жылы ағайынды Котовтардың кіші ұлына әскерге шақырту келгенде әкесі Николай Александрович әскери комиссариатқа барып, кіші ұлдары Михаилды Ауғанға жібермеуін сұрайды. Себебі үлкен екі ұлы Ауған жерінен әскерден келген еді. Бірақ бірнеше айдан кейін кіші ұлдарынан хат келгенде, оның да Ауған жеріне тап болғанын білді. Үш ұлы да елге аман-есен оралып, ата-аналарының қуанышында шек болмады.
Шарада жалпы Ауған соғысы туралы, Қазақстан жерінен барған қаншама ұлдарымыздың қаза болғандары туралы, аман-есен елге оралған ерлеріміз туралы мектеп кітапханашысы Г.Бейсенова, ауылдық клуб кітапханашысы Кораблева В.Н және тарих пәнінің мұғалімі Н.Н Печеная толық мәлімет берді. Спикерлер презентация, бейнеролик ұсынып, оқушылардың сұрақтарына жауап берді. Ауыл тұрғыны Н.Чернышкова ағайынды Котовтардың жақын қарындастары өз ағалары туралы естелік айтты. Жас буын ағайынды Котовтар туралы білді. Қазіргі кезде ауылдастарымыз Ресейде, Орал қаласында өз отбастарымен бақытты ғұмыр кешуде.