Ауыл әкімін сайлау да оңай жұмыс емес.

Ауыл әкімін сайлау да оңай жұмыс емес.
Ауыл әкімін сайлау да оңай жұмыс емес. Ол үшін елге жанашырлықпен қызмет атқаратын азаматтарды іріктей білу керек. Осынау істе байқоныстықтар дұрыс таңдау жасай білді. Бұл туралы аудан әкімі Марат Тоқжанов Байқоныс ауылдық округінің активімен кездесуі кезінде мәлімдеді.
Жиында аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Радик Ихласов өткен жексенбі, яғни 24 желтоқсанда болған Байқоныс ауылдық округі әкімінің сайлауында тұрғындардың берілген дауыс саны бойынша бес үміткердің ішінен Алмас Қоңыровтың топ бастағанын жеткізді.
-Әкімдік қызмет деген таңмен тұрған соң жағаны кеңге салып, бас ауған жаққан жүретін жұмыс емес. Бұл қызмет нақты жоспарлауды талап етеді. Күнтәртібіндегі мәселелердің қайысы маңызды, қайсын жедел түре шешу керек? Осыған жіті мән берген ұтады. Ол үшін әрбір мәселе бойынша мәлімет жинаған жөн. Сосын барып шешім қабылдау қажет. Әйтпесе ағам не құдам, болмаса көршім айтты екен деп шаба беретін болсаң, уақтыңның көбі ұсақ-түйекке кетуі мүмкін. Содан келіп іргелі істер кейінге қалып қояды.
Жалпы мемлекеттік қызметшілер өздеріне емес, халыққа ыңғайлы бағытта жұмыс жүргізулері қажет. Жандарын салып жұмыс істейтіндерді халық біледі, қашанда оларға сенім білдіреді. Қажетті қолдауды біз де өз тарапымыздан көрсететін боламыз,-деген Марат Лұқпанұлы сол жерде Алмас Қоңыровты Байқоныс ауылдық округінің әкімі етін тағайындау туралы шешімге қол қойды. Содан соң осы кезге дейін аталмыш ауылдық округті төрт жыл басқарған Мәлік Сейітовке алғысын білдірді.
Жиында ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуаныш Таубай, Байқоныс ауылының тұрғындары Бақи Тоқбаев, Махамбет Ерниязов, ауылдық округ кәсіпкерлері атынан Армат Ғалымов және жергілікті әкімдік қызметкерлері сөз алып, бұрынғы әкімінің атқарған жұмыстарын жоғары бағалап, оған сый-сияпат көрсетіп, жаңа тағайындалған округ басшысына табыс тіледі.
Серік МАРАТҰЛЫ