«Алтын Отан, Республикам Қазақстан!» Республика күніне орай мерекелік кеш өтті.
-Егемен елдің өз әскері, ақшасы, жер аумағы, тілі және өзге де дербес нышандары болатыны белгілі. Құдайға шүкір, мұның бәрі бізде бар. Жалпы егемендік Қазақстанда жеңіл келген жоқ. Қанмен, термен келді. Осы жолда құрбан болған, белжазбастан еңбек еткен жандардың ұрпақтары бүгінде тәуелсіздіктің жемісін көруде. Ел басына күн туған сәтте етігімен су кешкен ерлер ешқашан ұмытылмақ емес. Дербес ел болу - ата-бабаның орындалған шұғылалы арманы, сарғайып күткен сағынышы. Соның қадірін білуіміз керек. Ынтымағы жарасқан, бірлігі берік, еңбекқор халық қана егемендікке қол жеткізе алатынын өткеніміз нақты дәлелдеп берді,-деді салтанатты іс-шараны ашқан аудан әкімі Марат Тоқжанов.
Кеш барысында көп балалы аналар «Күміс алқамен» марапатталды. Бұл награданы алғандардың ішінде достықтық Әсем Әбуова, переметныйлық Салтанат Алтаева, егіндібұлақтық Гүлшара Пазылова бар. «Аманат» партиясының «Белсенді қызмет үшін» төсбелгісіне және Құрмет грамотасына аталмыш партияның аудандық филиалының қызметкерлері Назгүл Қажығали мен Әсел Сасаева ие болды. Ал аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің маманы Татьяна Чиркова, Павлов ауылының тұрғыны, көп жылдардан бері мал бақташысы Аманбай Аяпов, аудандық №24 өрт сөндіру бекетінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау старшинасы Ерген Берікқалиев, аудандық мансап орталығының кеңесші маманы Гүлжауар Сабырқұлова, Зеленов ауылдық пошта торабы қызметкері Елена Чеботарева, газ саласының қызметкері Иван Кораблев және өзгелері аудан әкімінің Алғыс хатын алды.
Іс-шара жергілікті өнерпаздар мен жас өрендердің мерекелік концертіне ұласты.