Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Мұғалімдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиеттерді бойына дарытатын ұстазға деген халқымыздың құрметі қашан да ерекше. Өйткені, қоғамның басты байлығы - адам болса, сол «адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» дейді дана Абай.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Үкіметке үш ауысымдағы және апатты жағдайдағы мектептерді түбегейлі шешуді тапсырды. Сондай-ақ, Әділетті Қазақстанды құру ісінде мұғалімдердің рөлі айрықша екендігіне тоқталып өткен болатын. Биылғы жылдың өзінде ауданымызда 6 жаңа мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Білім ошақтарының материалдық-техникалық жағдайын жақсарту, оларды озық технологиялармен жабдықтау жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырыла беретін болады.
Бүгінде еліміз бойынша жас ұрпақтың болашағына оң бағыт, нұрлы жол сілтеп, білім мен тәрбиені қатар сіңіріп келе жатқан 500 мыңға жуық мұғалім болса, соның 1913-і біздің ауданымыздың білім беру саласында қызмет етуде.
Педагог - қоғамдағы ең құрметтi де қадiрлi мамандықтың бiрi. Өйткенi, адами ізгі қасиеттерге бай шынайы ұстаз өз шәкiрттерiнiң жүректерiнде бiлiмге деген құштарлықты және Отанға деген сүйiспеншiлiктi оятады. Әрқайсымыздың жүрегімізде ұстазға деген құрмет сезімі шексіз.
Осы бір тамаша, атаулы күні ерен еңбектеріңізге зор алғысымды білдіремін. Әсіресе, бар саналы өмірлерін шәкірт тәрбиелеумен өткізген ардагер ұстаздарға ризашылығым шексіз. Әрқашан денсаулықтарыңыз мықты, өмір жастарыңыз ұзақ болып, арман-мақсаттарыңыз орындалып, шәкірттеріңіз биік белестерді бағындыруын тілеймін!