Бүгін Бәйтерек жастары Бастаңғыда бас қосты.

Бүгін Бәйтерек жастары Бастаңғыда бас қосты.
Бүгін Бәйтерек жастары Бастаңғыда бас қосты.
Шаған өзенінің жағасына киіз үйлер тігіліп, қазан көтерілген ауылды жастар “Наурыз” ауылы деп атаған. Алаңқайдың қоршауына найза шаншылып, Кіші жүзді құрайтын 25 рудың таңбасы мен атауы жазылған жалау көтерілген.
Театрландырылған қойылымда ауылға салт атпен келген сал-серілерді құрметпен қарсы алған жастар «Деңгене», «Сірге жияр», «Қап қағар», «Біз қадау» сынды салт-дәстүрлерін дәріптеді.
Алдымен аруақтар рухына Құран бағышталып, қой бауыздалды. Жастар ол жерде қой союдың қыр-сырына қанығып, тәжірибе алмасты. Қыздар жағы құрт қайнатып, бауырсақ пісірді. Ұлттық ойын Жамбы атудан жарысқан жастар аударыспақта білек күшін байқасты. Өнерлі өрендер күй тартыс жасап, дәстүрлі әнмен бастаңғының бәсін асырды. Алтыбақан теуіп, ру шежіресін тарқатқан әңгіме көрігі қызды.
Әр киіз үйде ауданның спорт, кітапхана, туризм, шырғамашылық орталығы, мәдениет және өнер саласында жүрген жастар жетістіктерімен бөлісіп, көрме ұсынды.
Ақ Жайық өңіріне арнайы сапармен келген Қазақстан Республикасы Жазушылар Одағының төрағасы, баспагер Мереке Құлкенов, “Орал өңірі” газетінің Бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов, облыстық қоғамдық даму басқармасы жсстармен жұмыс бөлімінің басшысы Мирфат Талғатұлы, облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Аңсар Ихсанұлы келіп жастармен пікірлесті. Меймандарға жайылған дастархан басында “Табақ тарту” рәсімі жасалды.
Күмбір күй төгіліп, әсем ән шалқыған думанда аудан жастары өзара қағытпа қалжың, әдемі әзілдерімен сауық кешін түйіндеді.