Спорт күніне орай салтанатты шара өтті. Шараға арнайы аудан әкімі Марат Тоқжанов, аудандық мәслихат депутаттары, спорт ардагерлерімен, аудан спортының дамуына айрықша үлес қосып жүрген спортшылар қатысты.
- Дене шынықтыру да спорт та адамның денсаулығына тікелей байланысы бар екенін жақсы білеміз. Бала кезінен спортпен дос, шынығып өскен бала тәні сау, рухы мықты болады. Соңғы екі жылда әр ауылға мектептен бөлек, бір-бір нұсқаушыдан беріп отырмыз. Нұсқаушының міндеті жасы болсын кәрісі болсын барлық тұрғынды спортқа баулу. Бір қуантарлығы бізде бүгінгі күні кішкентай бүлдіршіндерден бастап, үлкендерге дейін спортқа жақын болып келе жатыр. Бұл дегеніміз ұлттың саулығы. Спортшы әр уақытта да таза әрі адал болуы керек. Баршаңызды кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын!Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін! Еліміздің спорттағы жетістіктері арта берсін,-деді өз сөзінде аудан әкімі Марат Тоқжанов.
Ауданымызда 2 ай бойы өткізілген жазғы спартакиада ойындары қорытындыланды. Спорттың 14 түрінен өткен додада үздік үштігті

Көшім ауылдық округі;

Янайкин ауылдық округі;

Дариян ауылдық округі иеленді.
Жиында аудан спортының дамуына айрықша үлес қосқан спортшыларды аудан әкімі арнайы құттықтап, республикалық, облыстық додаларда оза шапқан бірқатар жеңімпаздарға құттықтау хатпен естелік сыйлықтар табыстады. Сондай-ақ аудандық мәслихат төрағасы Нұрлыбек Хайруллин мен БҚО «Аманат» партиясының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиевтің атынан өзге саланың маманы бола тұра аудан спортының дамуына үлес қосып жүрген азаматтар мен азаматшалар марапатталды. Мерекелік шара соңы аудан өнерпаздарының концертімен жалғасты.