Бүгін аудан әкімі Марат Тоқжанов алтын және күміс алқа иелерін қабылдады. Көп балалы аналарды ие болған марапаттарымен құттықтап, аудан әкімі ретінде ана мен баланың денсаулығына әрдайым көңіл бөлетінін, мемлекеттік қолдау шаралар күшейтілетінін айтты.
- Сіздер – батыр анасыздар. Қазақ халқының санын ғана өсіріп қоймай, елімізді мәңгілік ету бағытындағы іске өз үлестеріңізді қосып келе жатқандарыңыз үшін сіздерге алғыс айтамын. Кеше, жексенбі күні елімізде алғаш рет Әке күнін атап өттік. Сол мерекемен сіздердің де өмірлік серіктеріңізді құттықтағым келеді. Бала-шағаларының жағдайын жасап отырған оларға да ризашылығымызды білдіреміз. Мемлекет тарапынан сіздер секілді көп балалы жанұяларды әлеуметтік, медициналық және өзге тұрғыдан қолдаулар көрсетілуде. Оларды өздеріңіз де сезініп жүрген шығарсыздар. Жыл өткен мұндай қолдаудың аясы кеңейе түспек. Жалпы көп балалы отбасылардың қоғамдағы орны бөлек қой. Ауылдың берекесін келтіретін де осындай жанұялар. Шалғайлау орналасқан біздің кейбір ауылдарымыздағы мектепті жаппай, ұстап қалу мақсатында мектеп жасындағы перзенттері бар көп балалы отбасыларды сол жаққа орналастырудамыз. Ол мектептерде қазақ сыныптары ашылуда. Сонымен қатар ауылдардың жолдарын да күрделі жөндеуден өткізіп жатырмыз. Егер ауылдарға қатқыл табанды жол төселсе, газ бен суы болса, ол жаққа қоныс аударағысы келетіндер табылары анық,-деді өзінің құттықтау сөзінде Марат Лұқпанұлы.
ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес, «Алтын алқамен» Переметный ауылдық округіне қарасты Болашақ ауылының тұрғыны Анар Құбайтова мен Трекиннің Новенький ауылының тұрғыны Ақтоты Мұхитова, Егіндібұлақ ауылының тұрғыны Әсемгүл Мұхтарова мен Переметный ауылының тұрғыны Сандуғаш Бижанова «Күміс алқамен» наградталды.