Ұлттық құндылықтар ұлықталды Мичурин ауылдық округіндегі «Дубрава» демалыс орнында «Тойбастар» атты облыстық этнофестиваль өтті.

Ұлттық құндылықтар ұлықталды Мичурин ауылдық округіндегі «Дубрава» демалыс орнында «Тойбастар» атты облыстық этнофестиваль өтті.
Ұлттық құндылықтар ұлықталды
Мичурин ауылдық округіндегі «Дубрава» демалыс орнында «Тойбастар» атты облыстық этнофестиваль өтті. Іс-шара БҚО әкімдігінің, мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының, Бәйтерек ауданы әкімдігінің қолдауымен болды. БҚО іскер әйелдер мен «Қазақ аналары - дәстүрге жол» БҚО филиалының ұйымдастыруымен өткен этнофестиваль қазақ халқының дәстүрлерін жалғастыру, жаңғыртуды мақсат тұтты. Оған Орал қаласы мен өңіріміздің жеті ауданынан 30 шақты қолөнерші қатысты.
Фестивальді ашқан ауданы әкімі Марат Тоқжанов қазіргі таңда табиғи өнімдердің нарықта жоғары сұранысқа ие екенін, бүгінгі шараның мақсаты тек дәстүрді жалғастыру емес, он саусағынан өнер тамған іскер ісмерлердің басын біріктіру, тәжірибе алмасып, шеберлердің кәсіптерінің өркендеуіне жол ашу, жағдай жасау екенін атап өтті.
-Ұлттық өнім мен дәстүрлерді дәріптейтін мұндай шараларды өңірімізде жиі өткізгеніміз жөн. Бұл халықтың ауызбірлігін нығайтып, республика көлемінде облысымыздың мәртебесін арттырады,- деген БҚО қоғамдық даму басқармасының басшысы Нұрділдә Ораз осындай іс-шаралар басқа аудандар да жалғасын тапқаны дұрыс екенін айтты.
Этнофестивальдің концерттік бөлігінде Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары, соның ішінде белгілі әнші, БҚО іскер әйелдер кеңесінің мүшесі, ҚР мәдениет саласының үздігі Ақмарал Ахметова әсем әндерді әуелетті.
Аталмыш іс-шараның қызықты тұсы құда түсу, беташар, шашбау тағы сынды ұлттық дәстүрлер қойылымы мен сән үлгілері дефилесі болды. Дефиледе Ақжайық ауданынан Шәкірбаева Жанна, Бәйтерек ауданынан Азиза Бисан, Қарлығаш Хамидоллақызы, Орал қаласынан Гүлім Еңсегенова қазақы нақышта тіккен этно топтамаларын көпшілік назарына ұсынды.
Қолөнер бұйымдарының көрмесі де ерекше болды. Онда түрлі өнімдердің кең ассортименті ұсынылды. Соның ішінде қазақша оюлы көрпе-көпшік, құрақ көрпелер, қоржындар, зергерлік бұйымдар, ағаш астау-табақтар, қуыршақтар, декоративті картиналар т.б. бар.
Фестиваль соңында қатысушылар шеберлік сағатын өткізіп, тәжірибе алмасты.