
Балалардың жазғы демалыс кезіндегі бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында Бәйтерек ауданында «Достық» сауықтыру лагері салтанатты түрде ашылды.
Шараға арнайы келген аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев қатысып, лагердің жаңа маусымының ашылуымен құттықтап, тынығушы оқушыларға лагерь қабырғасында демалыс күндерін сәтті өткізіп, келесі жаңа оқу жылына тамаша көңіл-күймен оралуға тілектестігін білдірді. Сондай-ақ аудандық мәслихат депутаты Әсел Ижанова, “Amanat” партиясының төрайымы, аудандық мәслихат депутаты Бибігүл Ахметжанова бүлдіршіндерге жаңа достар табуды, қызықты демалыс тілеп, естелік сыйлықтар табыстады.
Биыл маусымның 7-сі мен шілде айының 26-сына дейін жұмыс жасайтын лагерь 6 ауысымда ауданның әр округтерінен келген 200 баланы қабылдайтын болады. Аудандық лагерге 1-11 сынып аралығындағы оқушылар қатыса алады. Балалар бір апта ішінде театр мен кітапханаға барып, аудан және қаладағы музейлерге саяхат жасайды. Күнде кешкісін өтетін би кешінен бөлек, «Лагерь ханзадасы мен ханшайымы» сынды түрлі байқаулар ұйымдастырылып тұрады.