Қазір өңірімізде «Туған жер – тұғырым» атты облыстық халық шығармашылығы фестивалі өтуде

Қазір өңірімізде «Туған жер – тұғырым» атты облыстық халық шығармашылығы фестивалі өтуде

Қазір өңірімізде «Туған жер – тұғырым» атты облыстық халық шығармашылығы фестивалі өтуде. Соның аясында Ақжайық ауданының көркемөнерпаздар ұжымы Бәйтерекке келіп, «Жұбан елі – жыр әлемі» атты концерт ұсынды.  Қазақ халқының мәдени мұрасын насихаттауды мақсат тұтқан іс-шара «Ұлым саған айтамын...» театрланған қойылымымен ашылды. Одан соң «Назқоңыр» фольклорлық ансамблі К.Дженкинстің «Палладиосы» мен А. Тәңірбергеновтың «Аңшысын» орындады. Республикалық әнші-термешілер байқауларының лауреаттары Күләш Қуанышқалиева, Гүлжамал Қайбалиева, Данияр Елеуов және Дәуреш Ораштың қатысуымен өткен дәстүрлі әншілер шеруі көрерменді тәнті етті. Отан, туған жер жайында әндер шырқалып, «Сымбат» би ансамблінің бишілері мың бұрала билеп, кештің көркін қыздырды. Сондай-ақ концертке ақжайықтық өнерпаздармен бірге келген, құрылғанына он жыл толған «Радуга» славян ұлттық мәдени орталығының «Раздоли» хоры мен Нұрбек Қарақұлов орыс халық  әндерін шырқап, көрерменнің ықыласына бөленді.   Кеш соңында ақжайықтық өнерпаздарға аудан әкімінің алғыс хаты мен ықылас гүлі табысталды.