Егіндібұлақ ауылдық округінің Алмалы ауылына газ келді. Ауылдағы 19 үйдің 12-сі көгілдір отынға қосылды. Қалғандары да көп кешікпей от жағып, күл шығару машақатынан құтылады.
Алмалылықтарды осынау қуанышпен құттықтаған аудан әкімінің орынбасары Мұрат Залмұханов былтыр ауданда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргенін айтты. Екі жаңа мектеп ашылды, біраз ауылға жол, су құбырлары тартылды. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын табады. Ағымдағы жылы сондай-ақ, Янайкин ауылдық округіне қарасты Богатск пен Январцев ауылдық округіндегі Спартак ауылдарына газ тарту үшін жобалық-сметалық құжаттамалар жасалатын болады. Айта кету керек, қазір ауданда газдандыру ісі 99,6 пайызды құрайды. Өткен аптада аяқталған есептік кездесулер кезінде аудан әкімі Марат Тоқжанов атап өткендей, аудандағы барлық елді мекенді көгілдір отынға қосуға мүмкіндік бар, алайда тұрғындардың өте аздығы қолбайлау болып тұр. Егер шағын ауылдарда халық саны артса, газ құбыры жеткізіледі. Алмалыға газ тартуға аудандық бюджеттен 73 млн. теңге бөлінді.
Ауыл әкімі Ринат Ескендіровтің сөзіне қарағанда, аталмыш округ толықтай газдандырылды. Егіндібұлақтан 22 шақырым қашықтықта орналасқан Алмалыға газ тарту жұмыстары бір жылдан астам уақыт жүргізілді. Мердігер компания жұмысты сапалы атқарды. Үйге газ тарту бір отбасыға 250 мың теңгеге түскен.
-Бүгінгі қуанышты біз көп жыл күттік. Егіндібұлаққа көгілдір отын 2005 жылдары келген екен. Содан кейін көп кешікпей бізге де келер деп ойлағанбыз. Бұл мәселені түрлі жиындарда түрлі деңгейдегі басшыларға, депутаттарға айттық. Бұйырған уақыты осы болды. Тілегіміздің қабыл болып, арманымыздың орындалғанына қуанып жатырмыз,-деді Алмалы ауылының тұрғыны Асылбек Сақпереев.