Аудан әкімі Марат Тоқжановтың ауыл тұрғындарымен кездесуі Зеленов, Атамекен, Шалғай ауылдық округтерінде болды.
Зеленовтықтар үшін де өткен жыл табысты болды. Ауылдық округ әкімі Ізғали Дәулетовтің сөзінше, тұрғындар «Ауыл аманаты» жобасынан үлкен үміт күтіп отыр. Аталмыш бағдарлама бойынша жалпы сомасы 230 млн теңгеге болжамды несиелеу шарттарына сәйкес 32 адамның құжаттары іріктеліп, ұсынылуға дайын. Олардың қатарында асыл тұқымды мал басын өсіріп, сүт өндіру ісін жолға қоюға, жиһаз жөндеу цехын ашып, маусымдық қызмет түрлерімен айналысуға қызығушылық танытып отырғандар бар. Егер бәрі ойдағыдай болса, ауылда жұмыссыздар саны 25 пайызға төмендеп, жастарға жаңа мүмкіндіктер ашылады деп күтілуде. Жиында тұрғындар иесіз иттер және өзге де мәселелерді көтерді.
Атамекен ауылдық округінде өткен жиыны былтыр көтерілген мәселелердің шешілу барысымен бастады. Соның бірі әрі өзектісі – Қайнар ауылындағы ұялы байланыс. 2022 жылдың қараша айында ауылға «Beeline» ұялы байланыс антеннасы орнатылды. Ауыл әкімі Фархат Үмбетқалиев биыл «Aktiv» байланысын іске қосу жоспарда бар екенін жеткізді. Қайнар ауылына медициналық пункт құрылысын салу бойынша жер телімі бөлініп, облыстық бюджеттен қаражат қарастырылсымен, құрылысы басталмақ. Атамекендегі өзекті мәселенің бірі – су құбырын, су мұнарасын және тереңдік насосын ауыстыру. Қазір бұл бағытта тиісті жобалық-сметалық құжаттар жасақтауда. Тұрғындар сұраныс-талабына сай қазір Атамекен және Қайнар ауылдарындағы бөгеттерді жөндеу, Атамекен ауылына типтік мал моласын салу және балабақша ашу жұмыстары да күн тәртібінде тұр.
Шалғай ауылдық округінің әкімі Гүлзада Бөлекованың айтуынша, мұнда жұмыссыздық деңгейі 1%. Округте тұратын 245 отбасының тұрмыс деңгейі кедейлік шегінен төмен емес. Жұмыссыз азаматтарды еңбекке тарту мақсатында 2 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 4 жас маман «Жастар тәжрибесі» бағдарламасы бойынша және 1 түлек «Алғашқы жұмыс орны» жобасымен іске кірісті. Қазіргі таңдағы өзекті мәселенің бірі - «Переметный-Шалғай» жолын жөндеу. Ол бойынша өткен жылы мердігер құрылыс компаниясымен келісім шарт жасалған. Көктемде қатқыл табанды жол төсеу жұмыстары басталады деп күтілуде.