ҚР Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес аудан әкімі Марат Тоқжановтың ауыл тұрғындарымен кездесуі басталды. Бейсенбі күні алғашқы кездесу Егіндібұлақ ауылдық округтерінде болды.
Жиында ауылдық округ әкімі Ринат Ескендіров баяндағандай, өткен жылдың қорытындысы бойынша ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы жаман емес. Былтыр округ бюджеті 32 млн. 475 мың теңгені құрап, ол жыл соңында 100 пайыз игерілген. Ал жыл ішінде тартылған инвестиция көлемі – 41,8 млн теңге. Мұндағы агроқұрылымдар негізінен дәнді дақылдар егуге және асыл тұқымды мал өсіруге ден қойған. Яғни 9 қожалық 2 324 гектар жерге 1198 га арпа, 602 га мақсары, 424 га күздік бидай және 100 га жерге тары еккен. Ал биыл 1 қаңтарындағы есеп бойынша ауылдағы ірі қара 1192, ұсақ мал 2827 басқа өскен. Сондай-ақ тұрғындар құс өсіруге де қызығушылық танытуда. Қазіргі таңда үй құстарының саны 2525-ке таяған. Өткен жылы бау-бақша егіп, бел жазбаған ағайын да күзде көл-көсір пайдасын көрген. Мысалы егіндібұлақтықтар 82 тонна картоп, 110 тонна көкөністер және 26 тонна жеміс-жидек өнімдерін жинаған. 11 шаруа қожалығы мен ауыл тұрғындары шөп шабу жұмыстарын уақытылы жүргізіп, 30 тоннадан астам мал азығын қамдаған.
Бүгінгі таңда тұрғындарды алаңдатып отырған басты түйткілдердің қатарында жер телімдерін алып, оны заңдастыру жұмыстары, қатқыл табанды жол салу мен интернет желісі жылдамдығының төмендігі бар. Аудан, ауыл басшылары бұл мәселелерді шешу бағытында қолға алынған іс-шаралар турасында айтып өтті.