Құрметті жерлестер! Сіздерді келіп жеткен Жаңа 2023 жылмен шын жүректен құттықтаймын!

Құрметті жерлестер! Сіздерді келіп жеткен Жаңа 2023 жылмен шын жүректен құттықтаймын!
Құрметті жерлестер!
Сіздерді келіп жеткен Жаңа 2023 жылмен шын жүректен құттықтаймын!
Әрбір жылды шығарып салар тұста өткенді ой елегінен өткізіп, жарқын жаңалықтарды, ерекше оқиғаларды еске аламыз, жылды қорытындылап, алдымызға үлкен мақсаттар қоямыз.
2022 жылы ауданда көптеген жұмыстар атқарылды. Бұл - бәйтеректіктердің ерен еңбектерінің нәтижесі. Экономиканың барлық бағыттары бойынша даму көрсеткіштеріміз артты. Әр салада жаңашыл бастама мен игілікті істер бар.
Жыл ішінде ауданымызда жүзеге асқан 31 жобаның 16-сы жол жөндеу бағытында болды. Біз бірінші кезекте шекарада тұрған ауылдардың жолдарын жөндеуге баса назар аудардық. Одан бөлек, апатты жағдайда тұрған екі мектептің орнына су жаңа білім ұялары есігін айқара ашты. Төрт мектеп күрделі жөндеуден өтіп, екеуі тапсырылды. Қалғаны жуық арада пайдалануға берілмек. Жалпы әр салада қол жеткізген жетістігімізді келесі жылы да жалғастырамыз.
Біздің ауданымызда агроөнеркәсіптік кешен экономиканы тұрақтандыру және сауықтыру жолындағы негізгі бағытымыздың бірі ретінде айқындалған. Бірінші кезекте  -  астық өндірісін дамыту, ет және сүт өнімдерін қайта өңдеу, тамшылатып суару технологиясын қолдана отырып, жеміс-көкөніс дақылдарын өсіру, жылыжай шаруашылықтары мен көкөніс сақтау қоймаларын, құс фабрикаларын, бордақылау алаңдарын іске қосу, асыл тұқымды мал сатып алу, кооперативтер құру. Күні бүгінге аудан бойынша 218 280 га егін егіліп, толықтай орындалды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, біздің басты байлағымыз – адам. Сондықтан азаматтардың игілігі үшін барлық жағдайды жасау аса маңызды.
Қадірлі жерлестер!
Жыл бойы атқарған өлшеусіз істеріңіз бен әр салада жеткен жетістіктеріміз үшін шынайы алғысымды білдіремін!
Жаңа жылды әр адам үкілі үмітпен, ізгі ниетпен және ақ тілекпен қарсы алады. Келер жыл жағымды жаңалыққа, қуанышты сәттерге толы болсын дегім келеді. Әр отбасына амандық, баршаңызға мықты денсаулық, ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге табыс, елімізге береке-бірлік тілеймін!
Жаңа жыл құтты болсын!
Құрметпен,
Бәйтерек ауданының әкімі                    М.Тоқжанов