Бүгін Бәйтерек ауданы Атамекен ауылының тұрғындары үшін ерекше қуанышты күн.

Бүгін Бәйтерек ауданы Атамекен ауылының тұрғындары үшін ерекше қуанышты күн.
Бүгін Бәйтерек ауданы Атамекен ауылының тұрғындары үшін ерекше қуанышты күн.
Республика күні қарсаңында жергілікті меценат, “Құрмет” Орденінің иегері Қайыржан Киргенев ауыл балаларына ойын алаңы мен воркаут кешенін және заманауи футбол алаңын сыйға тартты. Бірегей жоба асфальтталған жаяу жүргінші жолы мен алаңқай, қоршауы биік, жүгіру жолағы бар футбол алаңын, жарық жүйесі орнатылған балалар ойын алаңы мен воркаут тринажер кешенін қамтиды. Жоба ойын құрылғыларының құрылыс-монтаж жұмыстарын қосқанда 67,8 млн. теңгені құрайды. Балалар жылы аясында іске асқан жоба Қайыржанның қайырымдылық істерінің кезекті жалғасы. Атымтай азамат бұған дейін ауыл мектебін өз қамқорлығына алып, жыл сайын қомақты қаражат құйып келді. Тек Атамекен емес, көршілес Егіндібұлақ, Зеленый, Шалғай, Қайнар мектептерінің оқушыларына жаңажылдық тәттілер сыйлап, дәстүрлі “Мектепке жол” акциясы арқылы киім-кешек, оқу құралдарын тегін таратып келеді. Халықтың Наурыз тойына да тұрақты демеушілік жасап, ауылдағы мұқтаж жандарға үнемі көмек беруде. Республикалық деңгейде өтетін өнер байқауларына ауыл балаларының қатысуы үшін шығындарын өтеп, талай таланттың жұлдызын жақты. Егін өсіріп аудан экономикасына қомақты кіріс түсіретін “Кергенев” шаруа қожалығы ауылдағы ең ірі жұмыс беруші ұжым. Қайыржанды егіншілік еңбекке баулыған тәлімгері - әкесі, Бәйтерек ауданының Құрметті азаматы Есенгелді Мусаұлы Киргенев. Қандай да қиындықты ауыл халқымен бірге еңсерген ақсақал әлі күнге қайнаған істің бел ортасында жүр. Азаматына қарап ауылын танитын халқымыз үшін бүгінде Атамекен үлгілі ауылдардың қатарында. Берекелі бірлікке ұйыған ауыл халқының жетістіктері жыл санап артып, әлеуеті өркендеп келеді.
Бүгін ауыл халқының қуанышымен бөліскен аудан әкімі Марат Тоқжанов Есенгелді Мусаұлына ақжарма тілегін арнап, сый-сияпат ұсынды. Ауыл балаларына жасаған жақсылықтары үшін шаруашылық басшысы Қайыржан Есенгелдіұлына ризашылығын білдірген аудан әкімі ел игілігіне қосқан еңбегін ерекше бағалады.