Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту, тіршілікке қолайлы жағдай жасау, әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеп, инфрақұрылымды дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру бағытында ауданда бірқатар жобалар іске асырылуда.
Аудан әкімі Марат Тоқжанов бірқатар жоба мердігерлерімен жүздесіп, жұмыс барысын бағамдады. Атап айтқанда аудан басшысы Дариян, Рубежин округтерінде су құбырын тарту, әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеу барысымен танысты.
Дариян ауылында су құбырын тартуға жауапты мердігер компанияның участок басшысы Дәурен Қалибаевтің мәлімдеуінше, өткен жылы басталған өтпелі жоба бойынша жұмыстар жоспарлы атқарылуда. Құрылысшылар жолдың қатқыл табанына зақым келтірместен құбыр тартуда. Қазір И.Тайманов көшесінде қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Содан соң Абылай хан, Балдырған, Х.Есенжанов, Озерный, С.Меңдешов көшелерінде жұмыс жалғасады. Құрылыс жұмыстарына 15 техника тартылған.
Жұмыстарға көңілі толатынын білдірген аудан әкімі жобаның уақтылы әрі сапалы орындалуын атап өтті.
Аудан әкімі Рубежин ауылында күрделі жөндеу жұмысы басталған мектепке барды. «Осыдан екі апта бұрын Рубежка орта мектебі ғимаратына күрделі жөндеуді бастадық, - дейді мердігер компания өкілі Ерік Үрмашов. - Жөндеу жұмыстарына бюджеттен 378 млн теңге қаржы бөлінді. Негізі құрылыс жұмыстары мерзімі 5,5 айға белгіленген. Біз құрылыс қарқынын арттырып, жаңа оқу жылына дейін жөндеуді толықтай бітіріп, нысанды мерзімінен бұрын тапсырғымыз келеді. Құрылыс жұмыстарына 50 адам тартып отырмыз».
Содан соң аудан әкімі Рубежка ауылындағы су құбырын жүргізу жұмыстарымен танысты. Участок басшысы Мақсот Ажайпов былтыр су ұңғымалары орнатылып, құбыр тарту жұмыстары қарқынды жүргізілгендігін жеткізді. Енді көшелерге су құбырлары тартылуда. Мамыр айының соңына дейін бұл бағыттағы барлық жұмысты бітіру жоспарланған.