Бүгін Дариян мәдениет үйінде Қазақстан халқының бірлігі күніне орай "Достық әуені" фестивалі өтті.
Еліміздегі этностардың мәдениетін, салт-дәстүрін құрметтеу, халық шығармашылығы ұжымдарының шығармашылық бастамаларын ынталандыру мақсатында ұйымдастырылған фестивальге Переметный округінен "Риченька" украин, "Шатлық" татар, "Калинушка" орыс халық шығармашылығы ұжымдары және халықтық "Достық- Дружба" ансамблі, Трекин округінен "Весёлый хуторок", Дариян округінен "Сябры" беларус, "Мариям" татар, "Червона рута" украин халық шығармашылығы ұжымдары, "Достық" вокалды ансамблі, Янайкин округінен "Радуга" ансамблі қатысып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Алдымен қатысушылар Дариян мәдениет үйіндегі шығармашылық ұжым бөлмелерімен танысып, "Ақ шағала" әжелері ұсынған ақ пен бауырсақтан дәм тәтті. "Ақ шағала" әжелер ансамблі мен "Нұр Әділ" дуэті сахна шымылдығын ашып, әнмен әрлей түсті. Ел бірлігін әнге қосқан өнер ұжымдары берекелі бірлігі мығым елімізге жарқын болашақ тіледі.